Елімізде халық саны 30 жылдан астам уақытта 3 миллионға ғана артқан

©ЭК/Алимжан БАРАНГУЛОВ

Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша, 2021 жылы Қазақстаннан шет елдерге 32 209 азамат көшіп кеткен. Елге қоныс аударғандар - 10 982 адам. Былтыр Қазақстаннан кеткен азаматтардан келген адамдардың санын алсақ, 21 227 деген цифр шығады.

Ал енді елімізден кімдер, қайда және неге көшіп жатыр? Міне, осы және басқа сауалдарға Экспресс К жауап іздеп көрді.

32 ЖЫЛДА 3 МИЛЛИОН

Жалпы, Қазақстаннан өзге мемелекеттерге жаппай қоныс аудару үрдісі 1990 жылдары қарқынды жүргені белгілі. Басты себеп — Кеңес өкіметінің ыдырауы. Әр жылдары елімізге көшіп келген өзге ұлт өкілдері осыдан кейін қайтадан атамекендеріне оралды.

1989 жылғы санақ бойынша, Қазақстан халқының саны 16 миллион 200 мың болған. Ал 1999 жылғы Ұлттық санақ елде 14 миллион 900 мыңнан аса адам тұратынын көрсетті. Яғни он жыл аралығындағы табиғи өсімді есепке алғанның өзінде халық 1 миллион 250 мыңға азайған. 2021 жылғы Ұлттық санақ болса, республикада 19 миллион 200 мыңға жуық адам барын әйгіледі. Демек, 1989 жылдан қазірге дейінгі 32 жыл ішінде ел халқы небары 3 миллион адамға артқан.

Дерек: Халық саны жағынан Қазақстан әлемдегі 197 мемлекет арасында 64-орында

КІМ ҚАЙ ЖАҚҚА КЕТТІ?

Былтыр Қазақстаннан басқа мемлекетке көшкендер негізінен ТМД аумағынан тұрақ тапқан. Бұрынғы одақтас республикаларға 28 мыңға жуық қазақстандық кеткен. Ұлттық ерекшелігіне қарай жақын елдерге қоныс аударғандардың алғашқы бестігі мынадай:

  1. Орыстар — 20 мың 385
  2. Украиндар — 2 мың 159
  3. Немістер — 1 мың 198
  4. Қазақтар — 975
  5. Татарлар — 899

Ресми дерекке сүйенсек, бір жылда Қазақстаннан ТМД-ға көшкен осы бес ұлттың өзі 25 616. Одан алыс елдерді паналаған ел азаматтарының есебі — шамамен 5 мың. 2021 жылы қазақстандықтар түпкілікті тұруға ниеттенген топ-5 мемлекетке 4 195 адам аттанған. Осы деректі бөліп қарастырғанда, мынадай көрініс шығады:

  1. Германия — 3 мың 132;
  2. Польша — 459;
  3. АҚШ — 338
  4. Израиль — 165
  5. Канада — 101

Ішкі істер министрлігінің дерегінше, 2017-2021 жылдары Қазақстаннан 199 мың 505 адам көшкен. Олар негізінен Ресей, Германия, Польша, АҚШ және Беларусьті таңдапты.

"АМЕРИКАЛЫҚ АРМАН"

Қазақстандықтар түпкілікті көшкісі келетін елдердің бірі — Америка Құрама Штаттары. Бірақ бұл мемлекеттің азаматы атану бәріне бірдей бұйыра бермейді. Мәселен, "Forbes-Қазақстан" басылымының жазуынша, 2021 жылы АҚШ-та уақытша тұру құқығынын беретін "Green Card" визасын алу үшін еліміздің 67 593 азаматы байқауға қатысқан.

2008 жылы "Америкалық арман" қуған ел тұрғындарының жалпы саны 8 800 шамасында болыпты. Ал 2018 жылы бұл көрсеткіш 82 мыңға бір-ақ жеткен. Сол жылғы грин-карта лотереясының қортындысы бойынша, АҚШ-та өмір сүре алатынын дәлелдеген 886 отандасымыз мұхит асқан.

"БӘЛКІМ, ЕЛГЕ КЕЙІН ҚАЙТАТЫН ШЫҒАРМЫН"

Түркістан облысының тумасы, 32 жастағы Ұлжан Шегебаева — қазір АҚШ-тың Калифорния шатындағы Лос-Анжелес қаласының тұрғыны. Жуырда Ұлжан "Green Card" лотереясын жеңіп алған. Енді ол АҚШ-та 10 жыл тұруға құқылы.

Ұлжан ШегебаеваҰлжан Шегебаева
Ұлжан Шегебаева

Ұлжан 2015 жылға дейін әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология және шығыстану факультетінде оқыған. Ол 2018 жылы Америкаға саяхаттап барады. Кейін ойлана келе оқу визасын алады. Тіл үйреніп, тағы да мамандық игергісі келеді. Бірақ күтпеген жерден жоспары өзгереді.

"Америкаға деген қызығушылығым университетте жүргенде оянды. Бізге сабақ берген ұстаздар осы елге көп баратын. Қазақстанға келіп, дәріс оқыған америкалық мұғалімдер де болды. Олардан алпауыт ел жайында еститінмін. "Мен де барсам ғой" деп армандайтынмын. Сонымен, не де болса, саяхаттап келейін деп шештім. Алдымен Нью-Йоркті бетке алдым. Мұнда университетте бірге оқыған құрбым отбасымен тұратын. Достарым мені АҚШ-та көп уақыттан бері жұмыс істеп жүрген жолдасымен таныстырды. Ол Ташкентте туып, Алматыда оқыған қазақ жігіті екен. Екеуміз тез тіл табысып, көп кешікпей шаңырақ құрдық. Шүкір, бүгінде 3 жастағы бөпемізді тәрбиелеп отырмыз. Күйеуімнің шағын бизнесі бар. Бұл жақта жұмыс істеуге, оқуға деген талабың, ниетің түзеу болса, қаржылық жағдайың еш қиындықсыз жақсарады. Бірақ қолыңда міндетті түрде осында тұруға, жұмыс істеуге мүмкіндік беретін құжат пен тіл білімі керек", — дейді Ұлжан.

Оның айтуынша, АҚШ-та жүрген қазақстандықтар арасында оқуға келгендер басым. Ал жұмыс істеп жүргендер негізінен үлкенді-кішілі көлікпен жүк тасуды кәсіп қылған.

Дерек: Ішкі істер министрлігінің дерегі бойынша, соңғы 5 жылда Қазақстаннан АҚШ-қа 1696 адам көшкен

"САЯСИ ТҰРАҚТЫЛЫҚ ЕМЕС, ТОҚЫРАУ ЕКЕН"

Алматылық Еркебұлан Бекмұханбет 2021 жылдың күзінде отбасымен Түркияның Бодрум қаласына көшіп барған. Оның айтуынша, жақында ғана жұбайы және екі баласына түрік елінде тұруға рұқсат беретін құжат алған. 41 жастағы азамат Қазақстанда ондаған жыл журналист болып жұмыс істеген. Ал елден кету туралы шешім қабылдарда, қиналмағанын айтады. Мамандығы дәрігер келіншегі де оған бұл тұрғыда қолдау көрсеткен. Еркебұланның айтуынша, оның кетуіне елдегі жағдайлар әсер етіпті.

Еркебұлан БекмұханбетЕркебұлан Бекмұханбет
Еркебұлан Бекмұханбет

"Қазақстанда 30 жыл бойы саяси-экономикалық тұрақтылықта өмір сүріп жатырмыз деп насихаттап келді. Бірақ ол тұрақтылық емес, тоқырау екенін кейін білдік. Қазірде қатарластарым 40 жастың ар жақ, бер жағында. Ал бұл жастағы азаматтардың қоғамдағы өзіндік орны болуы керек. Өкінішке қарай, бізде әлеуметтік лифт деген де ұғым жоқ. Қазақстанда бизнестен карьера жасау да оңай емес. Осының бәрі қажытты. Содан кейін Түркияны да көріп келейін деп ұйғардым. Алматының іргесіндегі ауылда шағын жер алып, өз еңбегіммен 3 жыл салған үйімді саттым. Түркияда түпкілікті қаламын деп те айта алмаймын. Кейін тұрмыстық ахуалды түзесем, елдегі жағдай жақсарса, қайтып келемін деп ойлаймын", — дейді Еркебұлан.

ҚАЗАҚСТАНҒА КЕЛУДІ ПАРЫЗ САНАҒАН

Өзге елге көшкендерден бөлек, мұнда түпкілікті көшіп келгендер де бар. Олардың дені — көрші мемлекеттерден келген қандастар. Әрине, Қазақстанды өмір сүруге лайықты жер деп таңдағандардың саны аз.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2017-2021 жылдары елімізге тұрақты тұруға ниет танытқан шетелдіктер саны 6 934 адам болған. 37 жастағы Батыр Хамзаұлы — солардың бірі. Ол бірнеше жыл бұрын Түркиядан Қазақстанға көшіп келген. Мамандығы дизайнер.

Батыр ХамзаұлыБатыр Хамзаұлы
Батыр Хамзаұлы

"Оқу бітірген соң жұмысқа тұрдым. Жұмыс істеген компания мені Ұлыбританияға, Мальта аралына, Ресейге, кейін Қазақстанға ұзақ уақытқа іс-сапарға жіберді. Одан соң Түркияға қайта оралдым. Әрі-бері ойландым да, Қазақстанға, атамекенге барайын деп шештім. Неге десеңіз, бала күнімізден үлкендер біздің санамызға "Сенің Отаның бар. Жерің бар" деп сіңірді. Елге келуді парыз санадым. Соның әсері болса керек, елге келейін, тұрайын дедім. Бір жағы Қазақстанда интернетте онлайн жұмыс істеу нарығы бос екен. Бұл маған үлкен мүмкіндік еді. Міне, осы себептердің арқасында елге оралдым. Мақсатым — қолымнан келгенше Қазақстанға пайдамды тигізсем деймін. Қазір түрлі тегін курстарда сабақ беріп, жастарға білгенімді үйретіп жүрмін. Кейде менен таныстарым "Жұрт шет елге кетіп жатқанда, сен мұнда не жоғалттың?" деп сұрайды. Мен Түркияда өз салам бойынша жұмыс істесем, онда қатардағы қызметкер болып қаламын. Өйткені онда мен сияқты мамандар көп. Ал мұнда нарық бос. Өзімді маман ретінде қалыптастыра аламын. Мінекей, осы себептердің ықпалымен елде тұрып жатырмын", — дейді Батыр.

Дерек: Қазақстанда бір шаршы шақырымға 7 адамнан келеді.

P.S. Жыл сайын көрші мемлекеттерден келетін еңбек мигранттарының да саны аз емес. Мысалы, 2021 жылы елімізде жұмыс істеу үшін ресми рұқсат алғандар саны — 484 мың 607 адам болған. Ал 2019 жылы Қазақстаннан нәпақасын іздеген шетелдіктердің қарасы 745 мыңға жуықтаған.

"Экспресс К" жаңалықтарын Aitu-дағы арнамыздан да оқыңыздар.

    Танымал

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров