Ажал жолы: Күніне жеті адам

©ЭК/Валерий КАЛИЕВ

Қазақстанда 2022 жылдың соңғы 6 айында ғана жол апатынан мыңға жуық адам қаза тапқан. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, күн сайын орташа есеппен 7 адамның ажалы жолдан келеді. Апат салдарынан жарымжан болып қалғандар да аз емес. Сонымен, қазақстандықтарға зауал болған жол-көлік оқиғаларының себеп-салдары неде? Экспресс К осы мәселені зерттеп көрді.

Жол апаты жыл сайын көбейіп барады

Pixabay

Жыл сайын дерлік, Қазақстанда жол апатынан 3 мыңға жуық адам қаза табады. Өкініштісі сол, шағын бір ауылдың халқына тең жұрт ажалының жолдан болу дерегі азаяр емес. Ажалдың жолы жас-кәріні жалмап барады. Соңғы 5 жылда жол-көлік оқиғасы салдарынан 5 және 14 жастағы 623 бала қаза болған.

Жалпы, көлік апатына жылдамдықты асыру, қарсы бағытқа шығу, басып озу, ара-қашықтықтықты сақтамау сияқты негізгі бірнеше себеп бар. Бірақ, "апат айтып келмейді" дегендей, жол апатының басқа да себеп-салдары көп. Автосарапшы Сұңқар Жұртбай көлік апатының алдын алу үшін мәселеге кешенді түрде қарау қажет деп санайды.

Автосарапшы Сұңқар Жұртбай
  • Көліктің қауіпсіздігіне жауапты техникалық қадағалау станцияларында жемқорлық бар. Одан бөлек, ТЖО-лар көлікті сапасыз жөндейді. Шет елден келетін сапасы нашар құрал-жабдықтарға сертификат беру жағын да қадағалау керек. Халық арзан жабдық алуға мәжбүр.

Бұл мәселеге кешенді түрде қарау қажет. Бүгінде көшеде 40-50 жылғы көне көліктер өріп жүр. Жұрт осындай ескі машиналарды бұзылған сайын жамап-жасқап мінеді. Меніңше, ең бірінші кезекте халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру керек. Сонда халық сапалы тежегіш пен дөңгелек алады. Көлік жөндеп, тексеріп отырғандар жақсы ақы алғасын ісіне жауапкершілікпен қарайды. Біздегі жолардың сапасыз салынуына жауапты адамдар бар. Жолды салу үшін мемлекетпен келіскен компаниялар өздеріне берілген техникалық тапсырманы орындамайды. Сондай жауапсыз компанияларды күштеп болса да, мойнына алған міндетін орындату керек.

Кейінгі кездері ел жақтан "көлігі жылқы немесе түйеге соғып, апаттан қаза тауыпты" деген суыт хабарды жиі еститін болдық. Мұндай жағдайдың алдын алу үшін инспекторлар қараусыз жүрген малды қадағалауы тиіс. Өкінішке қарай, жолдың қараңғы болуы мен малдың жолға шығып кетуі апат статистикасын көтеріп отыр. Міне, осындай мәселелерге де көңіл бөлінген абзал. Сонда апат көрсеткіші азаяды деп ойлаймын, — дейді Сұңқар Жұртбай.

Тағы қандай себеп бар?

Сенат депутаты Айжан Әлназарова жол апатына ықпал ететін факторлар көп екенін алға таратады. Депутат қайғылы оқиғалар жыл санап артып отыр деген пікірде.

Парламент Сенатының депутаты Айжан Әлназарова

Бұған дейін депутат қызметін қатардағы дәрігерден бастап, Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасына басшы болған. Медицина ғылымдарының докторы, экономист. Қазақстан мен шет елдерде білім алған депутат жолдағы жағдайды, дәрігерлік көмек деңгейі мен апаттың алдын алу үшін не істеу қажеттігін біраз зерттеген. Экспресс К порталымен сөйлескен Айжан Әлназарова жол апатына ықпал ететін факторлар көп екенін алға тартады. Депутат жыл санап, жол апатынан қаза тапқандар саны артып отыр деген пікірде.

Осы жылдың наурыз айында бір топ депутаты премьер-министр Әлихан Смайыловтың атына сауал жолдаған. Онда елдегі жол-көлік оқиғаларының негізгі себеп-салдары көрсетіліп, оны шешудің жолдары ұсынылған.

(Премьер-министрге сауалды жолдаған сенат депутаттары: Айжан Әлназарова, Бейбіт Исабаев, Нұртөре Жүсіп, Бақытжан Жұмағұлов, Динар Нүкетаева, Айгүл Қапбарова, Ләззат Қалтаева және Нариман Төреғалиев).

Атап айтқанда, адам шығыны мен жарақатына алып келетін апатқа жол құрылысының сапасыздығы; халықаралық стандартқа сай болмауы; жолдың асфальтталмауы; бірнеше жолақты жолдардың арасының бөлінбеуі мен жан-жағының қоршалмауы; көлік жүргізу куәлігінің оңай берілуі; жол бойындағы полиция көліктерінің аздығы; жедел-жәрдем мен полиция көлігінің қажетті медициналық құралдармен толық жабдықталмауы себеп.

©ЭК/Андрей ХАЛИН

Оның сөзінше, 2021 жылы жол-көлік оқиғалары бойынша жедел-жәрдемге 33 мың 643 шақырту түскен. Зардап шеккендердің саны 40 мың 593 адамды құраған. Бұл 2020 жылғы көрсеткіштен 30% артық екен.

Осы жылдың көктемінде сенат депутаты Айжан Әлназарова бірнеше әріптесімен бірігіп, жол апаты жайына байланысты премьер-министр Әлихан Смайловтың атына депутаттық сауал жолдаған.

Сауалда жол апатына себеп болатын бірнеше фактор айтылады. Оның алдын алу үшін жүргізуші куәлігін бұрынғыдай арнайы мектептер емтихан тапсыру арқылы алуды қайтару қажеттігі сөз болады. Депуататтар сөзінше, куәлікті қазіргідей "Азаматтарға арналған үкімет" арқылы онлайн тест тапсырып алу дұрыс емес. Бұған мысал ретінде депутат жемқорлыққа қарсы қызметтің 2020 жылы жүргізуші куәлігін беруге қатысты сотқа дейінгі 8 іс басталып, соның негізінде 1 мың адам заңсыз құжат алуы мүмкін деген болжамын алға тартқан.

Оның сыртында, Қазақстанда 2014 жылдан бері көлікте болуы тиіс дәрігерлік қобдишадағы дәрі-дәрмектің тізімі жаңартылмаған. Депутаттар осы тізімді заман үлгісіне сай өзгертіп, қобдиша ішіндегі заттың көліктегі адам санына сай ету керегін ескертеді. Өз кезегінде бұл апат жағдайында жарақаттанған адамның бәріне бірдей алғашқы медициналық көмек көрсетуге пайдасын тигізеді.

Тағы бір жайт, республикалық маңызы бар жолдардағы аса қауіпті аймақтарда медициналық-құтқару пункттерін құру. Бұл пункттер апатқа ұшыраған адамдарға шұғыл түрде көмек көрсетіп, ажалға араша түсуге көмектеседі. Мұндай 40 пункт 2011-2014 жылдары болған. Кейіннен олардың жұмысы түрлі себептермен тоқтаған.

©ЭК/Валерий КАЛИЕВ

Бір жылда 2 мың 300 адам қаза тапқан

Экспресс К тілшісі Ішкі істер министрлігіне жол апаты, жолдағы қауіпсіздік және тағы басқа маңызды мәселелер бойынша бірқатар сұрақ қойды. Министрлік берген мәліметке сәйкес, биыл алғашқы алты айда 6 мың 85 жол көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 947 адам қаза тауып, 8 мың 110 адам жарақат алған.

©ЭК/Валерий КАЛИЕВ

Дерек: Қазақстанда жалпы ұзындығы 96 мың шақырым жол бар. Оның 25 мың шақырымының республикалық, ал 71 мыңға жуығының облыстық және аудандық маңызы бар.

Министрлік өкілдерінің хабарлауынша, жол қауіпсіздігін қамту мақсатында жол бойына 17 мыңнан астам бейнекамера орнатылған. Ал жол апатына әкелетін әрбір бесінші жағдай негізінен жылдамдықты асырудың, қарсы бағытқа шығудың кесірінен болады.

Ашық дереккөздердегі ақпаратқа қарағанда, 2021 жылы Қазақстанда жол апатынан 2 мың 300 адам көз жұмған.

©ЭК/Өркен ЖОЯМЕРГЕН

Экспресс К жаңалықтарын Aitu-дағы арнамыздан оқи аласыздар.

P.S. Қазақстанда жалпы ұзындығы 96 мың шақырым жол бар. Оның 25 мың шақырымының республикалық, ал 71 мыңға жуығының облыстық және аудандық маңыз бар.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров