Бүгін - Елорда күні

Бек ТӨЛЕУОВ

©ЭК/Валерий КАЛИЕВ

Бүгін Қазақстанның астанасы – Нұр-Сұлтан қаласының туған күні. Оның жаңа мәртебе алып, елорда атанғанына 23 жыл толды, деп хабарлайды ЭК.

Елбасы Н.Назарбаев ел астанасын Алматыдан Ақмола қаласына көшіру туралы тағдыршешті бастамасын осыдан 27 жыл бұрын жария еткен болатын. Нақтырақ айтқанда, бұл шешім 1994 жылы 6 шілдеде қабылданды. Ел астанасын ресми көшіру 1997 жылғы 10 желтоқсанда жүзеге асты. Президенттің 1998 жылғы 6 мамырдағы жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді. Жаңа астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылғы 10 маусымда өтті. 1999 жылы Астана ЮНЕСКО шешімімен "әлем қаласы" атағын алды.

Алаштың астанасы Арқа төсінде болса деп, армандағандардың арасында Әлихан Бөкейхан да бар еді. Мысалы, оның "Григорий Николаевич Потанин" атты мақаласында "Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел — Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұл-қызын оқытсақ "Қозы Көрпеш — Баянды" шығарған Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау" деп жазған жолдары бар. Демек, арада бірнеше жыл өткенде Алаш арысының идеясын Нұрсұлтан Назарбаев жүзеге асырды десек болады.

Арқа төсіне көшіп келген жылдары Нұр-Сұлтандағы тұрғындар саны 290 мыңдай болған. Ал қазіргі есеп оның бес-алты есеге өскенін байқатады. 2019 жылдың 9 қаңтарында халық алдында есеп бергенде сол кездегі әкім Бақыт Сұлтанов "Астана — демографиялық әлеуеті зор, миллион халқы бар қала. 2030 жылға қарай халық саны 2 миллион адамға дейін өссе, 2050 жылға қарай 3 миллионнан асады" деген болатын.

Қазіргі уақытта астананың аумағы 722 шаршы шақырымнан асады. Қалада төрт аудан бар. Олар — Алматы, Сарыарқа, Есіл және Байқоңыр.

Нұр-Сұлтан Қазақстанның орталығынан солтүстікке қарай құрғақ далалық өлкеде, құрғақ бозды-бетегелі дала аймағында орналасқан. Қала аумағы аласа терраса — жайылма жер бедері түрінде келеді. Есіл өзені елорданың басты су көзі саналады. Ауа райы күрт континентальды — қысы суық әрі ұзақ, жаз мезгілі ыстық және бірқалыпты қуаң.

Еуразия құрлығының ортасында қолайлы орналасуы Астананы экономикалық тұрғыдан тиімді көлік, қатынас және логистика орталығына, Еуропа мен Азия арасындағы өзіндік транзиттік көпірге айналдырды.

Қала атауына келсек, 1961 жылға дейін Ақмола, 1961 жылдан 1992 жылға дейін Целиноград, 1992 жылдан 1998 жылға дейін Ақмола деп аталды. 1998 жылы Ақмола Қазақстан Республикасының астанасы болып жарияланған соң, қала атауы Астана деп өзгертілді. 2019 жылдың наурыз айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен Нұр-Сұлтан болып өзгертілді.

Бүгінде елорда халықаралық маңызы бар түрлі форум, конгресс пен өзге де іс-шара өтетін Еуразия кеңістігінің орталығына айналды. Қалада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері, Астана экономикалық форумы және өзге де маңызды халықаралық оқиғалар, ЕҚЫҰ-ның тарихи саммиті, ШЫҰ мен ИЫҰ-ның мерейтойлық саммиттері болып өтті. Одан бөлек, 2011 жылы VII Қысқы Азия ойындарын қабылдаса, 2017 жылы "EXPO-2017" халықаралық көрмесінің орталығына айналды.

Астана бүгінде айрықша сәулетімен ғана ерекшеленіп қоймай, сондай-ақ бау-бақшалы қалаға айналып келеді. Елорданың "жасыл белдеуі" кеңеюде, қала орасан далалық өңір орталығының жасыл алқабына — экологиялық таза мегаполис үлгісіне айналды. Елорда — республиканың ірі саяси-әкімшілік, іскерлік және мәдени орталығы. Елдің барлық орталық билік органдары, дипломатиялық өкілдіктер, отандық және шетел кәсіпорындарының басты кеңселері, жетекші университеттер, ең үлкен заманауи медициналық клиникалар мен маңызды мәдениет мекемелері осында орналасқан.

©ЭК/Валерий КАЛИЕВ©ЭК/Валерий КАЛИЕВ
©ЭК/Валерий КАЛИЕВ

Елордада соңғы жылдардың өзінде қаншама спорт нысандары, мәдениет орталықтары, аурухана, мектептер бой көтерді. Мысалы, өткен жылдың қараша айында QAZAQSTAN жеңіл атлетика кешені пайдалануға берілді. Спортық нысан World Athletics сертификатын иеленген және барлық халықаралық талаптарға сай келеді. Сондай-ақ жаңа қазақ драма театры ашылды. Оның лентасын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қиды. Кешен 800 орынға есептелген, 3 қабаттан тұрады.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров