Теңіз жануарлары Үнді мұхитының жағасында жайрап жатыр

Болат МӘЖИТ

Reuters

Теңіз жануарларының жүздеген өлігі Шри-Ланка аралының жағалауларын жапты деп хабарлайды ЭК.

Эколог мамандардың айтуынша, бұған Үнді мұхитында химикаттар мен пластик тиелген X-Press Pearl кемесінің апатқа ұшырауы себеп болған. Бұл туралы The Insider жазады.

Шри-Ланка жағалауларынан 176 теңіз тасбақасының, 20 дельфиннің және 4 киттің өлігі табылған. Елдің Қоршаған ортаны қорғау министрі Махинда Амаравира теңіз жануарларының химиялық заттармен уланғанын мәлімдеді. Себебі бұған дейін теңіз жануарлары мұншалықты көлемде жаппай қырылмаған екен.

Мамандар бұл оқиғаға "Шри-Ланка тарихындағы ең сұмдық экологиялық апат" деген баға беріп отыр. Жағалаулардың уытты заттармен ластануына байланысты арал тұрғындарына балық аулауға тыйым салынған.

Контейнер тасушы X-Press Pearl кемесінде 20 мамыр күні өрт шыққан болатын. Апатты оқиға Үнді мұхитында, Шри-Ланканың Коломбо қаласының маңында орын алды. Кемеде пластмасса, химикаттар, соның ішінде 25 тонна азот қышқылы құйылған мыңға жуық контейнер болған.

Үнді мұхитына жайылған уытты заттар Таиландтың курортты Пхукет қаласының жағалауларына жетіп үлгерген.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров