Әлем енді "App Store" арқылы домбыра үнін тыңдайды

Гүлжан АБАЙҚЫЗЫ

Асқар Әлмұхамет

Атыраулық өнертапқыш "Qulynym" бағдарламасы мен Домбыра симуляторын "App Store" қосымшасына енгізген, деп хабарлайды ЭК.

Стив Джобс негізін қалаған әйгілі Apple компаниясы жыл сайын жас өнертапқыштарды ынталандыру мақсатында "Swift Student Challenge" инновациялық жобалар байқауын өткізеді. Бұл байқаудың қатысушылары АҚШ-та өтетін WWDC конференциясына шақырту алады екен. Былтыр әлемдік пандемияға байланысты онлайн өткен конференцияға атыраулық өнертапқыш оқушы Асқар Әлмұхамет қатысқан болатын. Ол биыл Атыраудағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сыныбында оқиды.

Ол әлемдік байқауға мобильді қосымша арқылы домбыра тартуды ұсынған еді. Яғни екі аптада аспапсыз ойнауға болатын домбыраны ойлап шығарған. Осылай әлемнің кез-келген түкпірінде домбыраны смартфон арқылы тартып, қазақ өнерін насихаттауға болады,

дейді Асқар.

Биыл өнертапқыш "Qulynym" бағдарламасы мен Домбыра симуляторын "App Store" қосымшасына енгізген. Өзінің айтуынша, осы қосымшадан бағдарламаны жүктеп алуға мүмкіндік бар. Qulynym бағдарламасында мектепке дейінгі балалар үшін iOS платформасында қазақша контент жинақталған. Осылайша былтыр қолға алған инновациялық бағдарламаны толықтырып, биыл соңғы нұсқасын жарыққа шығарған.

Асқар өзінің ерекше ойлау қабілетінің арқасында бұған дейін де ІТ саласында бірнеше жоба жасаған. Жобаларының ерекшелігі сол, қазақтың ұлттық өнерімен үндесіп жатыр. Білімді жастың әлемдік жобада ұлттық құндылықтарды дәріптеуін ерекше еңбек деп бағалады байқау сарапшылары.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров