Нұр-Сұлтанда Сирия келіссөздері басталды

Гүлжан АБАЙҚЫЗЫ

aa.com.tr

Қазақ елінің астанасында Шам жеріндегі ахуалға арналған келіссөздердің 16-кезеңі өтіп жатыр, деп хабарлайды ЭК.

Кездесу екі күнге созылады. Бұл жолы да елімізге мүдделі тараптардың төрт көзі түгел жиналды. Атап айтқанда гарант-елдердің Иран, Ресей және Түркия, сонымен бірге Сирия үкіметінің, Сириядағы қарулы оппозицияның өкілдері, БҰҰ бақылаушылары, Иордания, Ливан және Ирактың делегациясы қатыспақ.

Бұл кездесуге Біріккен Ұлттар Ұйымы бас хатшысының Сирия жөніндегі арнайы елшісі Гейр Педерсен арнайы келмек.

Тараптар екіжақты кездесулер өткізіп, Шам жеріндегі жағдайға байланысты ортақ мәмілеге келмек. Соның ішінде Сириядағы ахуал, гуманитарлық көмек, тараптар арасындағы сенімді нығайту, тұтқындармен алмасу, кепілге алынған адамдарды босату және із-түссіз жоғалғандарды іздеу сияқты өзекті мәселелер талқыланады.

Сонымен қатар кездесу алаңында еркінен тыс ұстап отырған азаматтар мәселесі жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтуі керек. Оған гарант елдер, сондай-ақ БҰҰ мен Қызыл Жарты Ай халықаралық комитетінің сарапшылары қатысады.

Айта кетейік, Сирия бойынша алғаш рет келіссөздер 2017 жылы сол кездегі Астанада өткен болатын. Содан бері Қазақстанның бас қаласында 14 кездесу өтіп, 2018 жылы және биыл ақпан айында келіссөзге қатысушылар Сочи қаласында бас қосқан еді.

Келіссөзге қатысушыларға қазіргі карантин талаптарын қатаң сақтау ескертілді. Өйткені Қазақстан коронавирустың таралуы бойынша "қызыл" аймақта тұр. Осы орайда шетелдік журналистерде COVID жұқтырмағанын растайтын ПТР-тесті бар анықтама болуы керек. Ал қазақстандық БАҚ өкілдері жергілікті вакциналау паспортын көрсету керек. Сондай-ақ іс-шараға Ashyq қосымшасы арқылы кіруге болады.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров