Риддердегі өрттен зардап шеккендер жақында баспаналы болады


instagram.com / danial.akhmetov.official
ШҚО Риддер қаласында болған алапат өрттің салдарынан баспанасыз қалған тұрғындар жақын арада қоныс тойын тойлайды, деп хабарлайды ЭК жергілікті Noks.kz. сайтына сілтеме жасай отырып.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов мереке күні Риддер қаласының тұрғындарымен кездесті. Аймақ басшысы "Ботаника" шағын ауданында болды. Онда өрттен зардап шеккендерге арналған 32 тұрғын үйдің құрылысымен танысты.


"Қазіргі уақытта бірнеше үйде әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал жолдарды абаттандыру мен асфальттау жұмыстары аяқталуға жақын. Су мен электр энергиясы 15 шілдеге дейін қосылады. Барлық үй дайын күйінде өткізіледі." — деді аймақ басшысы тұрғындармен кездесу кезінде.


Сондай-ақ облыс әкімі құрылысты жүргізіп жатқан мердігер компаниялар өкілдеріне, үйлерді барынша сапалы етіп өткізуді тапсырды. Үйлерді арнайы құрылған комиссия қабылдап алатын болады.


Жоспар бойынша алғашқы пәтерлер 18 шілдеде, қалғаны 15 тамызға дейін тапсырылады.


Осы жылдың мамыр айының 10-күні ШҚО Риддер қаласында алапат орман өрті болғанын естеріңізге сала кетейік. Салдарынан 2 адам зардап шегіп, 1 адам қаза болды. Және 32 тұрғын үй жанып кеткен болатын.