Фоторепортаж: Батыста аптап ыстық


© Фархат АБИЛОВ
Соңғы айда еліміздің батысында ауа температурасы 50 градусқа дейін көтеріліп, тұрғындар ыстықтан қорғану үшін өзенге шомылып жүр, деп жазады ЭК.
Атырауда ауа температурасы 40 градустан төмен түспейді. Сол себепті тұрғындар Жайық өзеніне шомылып, балалар субұрқақтан шықпайды. Оларға Алматыдағы субұрқақта болған жағдай сабақ болмаған сияқты.
Атыраудың орталық жағажайы да демалушыларға лық толы. Барлығы да күннің ыстығынан қорғанып, демалуға келгендер. ЭК осыған дейін орталық жағажайлардың шомылу маусымына дайындықсыз ашылғанын жазған еді. Жағада құмның орнына тас болса да, атыраулықтар жағажайда қыздырынудан бас тартқан емес.
Орталық жағажайда демалушылар көп болғандықтан, қала тұрғындары жабайы жағажайларда демалып жүр.
"Біз, адамдар, мына күнде әрең жүрміз, өсімдіктер мен жануарларға мүлдем қиын болды. Сол себепті ауладағы иттерге су құйып, жайқалып тұрған жасыл желекке су құюды әдетке айналдырдым", — дейді сұлулық салонының жұмысшысы Айгүл Есімова.


Тұрғындар аптап ыстық жыл сайын қайталанатын болса да, биылғы ыстықтың ерекшелігін айтады. Сол себепті салқындау үшін жасыл желектің көлеңкесіне тығылып, салқын су құйып алады.


Синоптиктердің айтуынша, шілде айында Атырау облысында аптап ыстық жалғасады. Тек айдың соңына қарай жауын-шашын жауады. Әзірге батыстағылар суреттегідей әдістермен ыстықтан қорғануға тура келеді.