Торғайда тасаттық берілді

Абылай МАУДАНОВ

Фото ұйымдастырушылардан алынды 

Қостанай облысында жаңбыр күтіп зарыққан халықтың діни рәсімге жүгінуден басқа амалы қалмады, деп хабарлайды ЭК.

Құрбандыққа шалынған малды жергілікті тұрғындар өздері шығарған. Ешқандай мәжбүрлеусіз, әркім шамасы келгенше, бес-он мың теңгеден қаржы қосқан. Бүгін сағат 12-де басталған рәсімге Торғай кентіндегі Оспан қожа мешітінің имамдары қатысты.

"Жаз бойы жөнді жаңбыр жауған жоқ. Аптапты ыстық күйдіріп барады. Оның үстіне жиі-жиі дауыл тұрып, жайсыздық тудырып тұр. Торғайдың негізгі күнкөрісі — төрт түлік. Қолайсыз ауа-райы жан-жануарларға да оңай тиер емес. Сондықтан, ата-баба нанымына жүгініп, тасаттық беруден өзге амалымыз қалмады", — дейді бастамашылардың бірі кәсіпкер Жалын Омаров.

Бұған дейін Жангелдин ауданында 30 мамырда Көкалатта тасаттық ғұрыпы жасалған еді. Бірақ, "шаңбасар" себелеп өткені болмаса, шөл қандырар жауын болмады. Сондай-ақ, 30 маусымда Шилі ауылында да тасаттық беріліп, бір аптадан соң алапат құйын соғып, соңынан жарты сағат нөсер құйған.

Жаз бойы Торғай аймағында өрт толастаған жоқ. ТЖ қызметкерлерімен бірге ауыл тұрғындары тілсіз жаумен аянбай күресіп келеді.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров