"Жетпеген ақшаны қарызға алдым". Батысқа қанша вагон шөп кетті? (видео)

Ержан ШАЙЖАН

Құрмет Талапқазы

Шымкент қаласының тұрғыны Құрмет Талапқазы ЭК тілшісіне Батысқа шөп жіберу үшін қанша қаражат кеткенін айтты, деп хабарлайды ЭК.

"Шотымызға осы уақытқа дейін 1 миллион 600 мың теңге түсті. Осы ақшаға Батысқа шөп жіберу үшін вагондар жалдадық. Әзірге 5 вагонның өзіне 1 млн 900 мың тенге кетті. Жетпеген 300 мыңды бір кісіден қарызға алдым. Басында 1 вагон 610 мың теңге сұраған. Бірақ сөйлесе келе 380 мыңға түсірдік. Бұйырса, алдағы 2-3 күнде пойыз жолға шығады", — деді Құрмет Талапқазы.

Құрметтің айтуынша, қарапайым халықтан 1 миллион 600 мың теңге 10 күннің ішінде жиналған.

Оның сөзінше, бұл бастамаға әу баста кәсіпкерлер мен ірі компания басшылары қолдау көрсетеміз, деп уәде берген екен.

"Кейбір кәсіпкер кісілер қаржылай көмек береміз, — деп уәде берген болатын. Өкінішке қарай жеме-жемге келгенде лақтырып кетті. Шотымызға ақша салып жатқандар қарапайым азаматтар. "Көп түкірсе — көл" деген ғой. Батыстағы ағайынға қол созған барлық жерлестеріме рахметтен басқа айтарым жоқ", — дейді ол.

Қазірдің өзінде бастамашы топ 60-70 мың бума шөп дайындап қойғандарын айтады. Жолға шығатын алғашқы 5 вагонның әрқайсына 1200-1500 түктен шөп артылған. 24 жастағы жігіт алдағы уақытта вагондар санын арттырмақ ниетте.

Айта кетейік, Шымкент тұрғыны әлеуметтік желі арқылы БҚО-на көмек көрсетуге үндеу жасаған видеосы кең таралған болатын.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров