Алматы облысында 19 жастағы қызды ағасының досы зорлап кетті

Шадияр ӨСТЕМІРҰЛЫ

©ЭК/Андрей ХАЛИН

Алматы облысының Іле ауданында 19 жастағы Айжан есімді алматылық қызды ағасының досы зорлап кеткен, деп хабарлайды ЭК zakon.kz-ке сілтеме жасап.

Күдікті қыздың отбасымен жақын араласып, әбден сеніміне кірген, күнде жұмысқа апарып, әкеліп жүрген ағасының 35 жастағы досы болып шықты. Жәбірленушінің айтуынша, ол, әдеттегідей, қыз жұмыстан қайтқанда көлігімен күтіп алған. Бұл жолы ол: "Қоқыс төгуім керек" деген сылтаумен айдалаға әкеліп, зорлық жасаған.

Жуынып келмек болғанда, Айжан шөптің арасына жасырынып қалған. Бойжеткенді тығылып жатқан жерінен туыстары 3-4 сағаттан кейін тауып алыпты. Туыстары оның қатты күйзеліске түскенін айтады.

Оның аты Бекжан. Бұрыннан танимыз. Алдымен балам танысқан еді. Ол баламды тасып жүрді. Сосын қызымды жұмысқа апарып, әкеле бастады. Одан мұндай шығады деп ойламаған да едік,

дейді қыздың әкесі Мұхтар.

Жәбірленуші полицияға арызданған. Қыздың туыстары зорлықшы жазадан құтылып кетуі мүмкін деп қауіптеніп отыр. Өйткені, оның заң орындарында қызмет ететін ағасы бар екен. Онысымен қоймай ызаға булығып отырған отбасыға келіп, ақша ұсынып үлгерген.

Миллион теңге берейін. Органда қалғанын бірдеңе қылып өзім шешемін. Қазір ақшаны ал", — деді органда істейтін ағасы. Әкесі: "Қызымды сатпаймын", — деп көнбеді. Барлық туыстары алдымызға келді. "Отбасы бұзылып жатыр. Әйелі ажырасқалы жатыр,

деп аяғымызға жығылды", — дейді қыздың әпкесі Айгүл.

Күдікті әлі бостандықта жүр. Десе де, тәртіп сақшылары қылмыстық іс қозғалып, сараптама тағайындалғанын айтқан. Туыстары әділдікке жету үшін, осы қылмыстың куәгерлерін іздестіріп жатыр. Зорлықшының барынша қатаң жазаға тартылуына қол жеткізбек.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров