Бұрынғы президент қамауға алынды

Нұрболат АДЫРБЕК

©Reuters

Оңтүстік Африка Республикасының бұрынғы президенті Джейкоб Зума қамауға алынды, деп хабарлайды ЭК

"Reuters" агенттігі жариялаған мәлімет бойынша бұған дейін "сотты құрметтемеді" деген айып тағылып 15 айға бас бостандығынан айырылған мемлекеттің бұрынғы басшысы кеше түнде өз еркімен полицияға берілген. 79 жастағы бұрынғы президент бірнеше күн бойы өз еркімен берілуден бас тартқан еді. Осы уақыт ішінде оның жақтастары үйінің жанында кезекшілік күзетте тұрды. Ол сәрсенбіде полицияға сот шешімін орындауға дайын екенін мәлімдеген.

Көп ұзамай елдің Қылмыстық Түзеу департаментінің өкілдері Зуманы Оңтүстік Африканың шығысындағы Нкандла қаласында орналасқан Эсткур түзету орталығына жазасын өтеу үшін жеткізілгенін хабарлады. Жергілікті телеарналар оның кортежінің мекемеге кіргенін тікелей эфирде көрсетті.

Түн ортасында Ішкі Істер министрлігінің өкілі Лирандзу Темба экс-президенттің қамауда отырғанын ресми растады.

Естеріңізге сала кетейік, өткен аптада Конституциялық Сот Зуманы оның сыбайлас жемқорлық ісі бойынша сот отырыстарына келуден бас тарқаны үшін 15 ай мерзімге қамауға алу туралы үкім шығарған болатын. Ол күні кешеге дейін сот шешіміне үйінде жасырынып қарсылық танытып келді.

Зума Оңтүстік Африканың президенті болып 2009 жылдан бері қызмет етіп келеді және 2018 жылдың басында сыбайлас жемқорлыққа байланысты отставкаға кетуге мәжбүр болды. Бұған дейін ол Нельсон Манделаның серіктесі болған және Оңтүстік Африкадағы апартеид кезеңінде режимге қарсы күресуші ретінде түрмеде отырған.

Экс-президент бірқатар алаяқтық, сыбайлас жемқорлық, рэкет және мемлекет қаржысын жымқырды деп айыпталды. Егер бұл жағдайда кінәлі деп танылса, ол 25 жылға бас бостандығынан айырылып, көп мөлшерде айыппұл төлеуі мүмкін.

Ал, Оңтүстік Африканың бұрынғы басшысының өзі бұл айыптауларды саяси астар деп санап, өзінің кінәсін жоққа шығаратынын мәлімдеді.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров