Атырауда өртенген көліктердің иелері өтемақысын ала алмай жүр

Фархат ӘБІЛОВ

Атырау облыстық ТЖД

Атырауда бір жыл бұрын өртеніп кеткен 8 көліктің иесі күнге дейін бір тиын өтемақы ала алмай, cандалып жүр, деп хабарлайды ЭК.

Өткен жылы қаладағы көлік жөндеу орталықтарының бірінде өрт шығып, жөндеуде тұрған сегіз көлік өртеніп кеткен еді. Арада жыл өтсе де, КЖО-ның иесі көліктің құнын қайтарып бермек түгілі, зардап шегушілерге бірде-бір рет бет-жүзін де көрсетпеген. Ашуға булыққан жәбірленушілер Атырау қалалық прокуратурасының алдына жиналды.

Атырау облыстық ТЖДАтырау облыстық ТЖД
Атырау облыстық ТЖД

— Ақша жинап, көлік сатып алып едім. Бір айдан кейін, сол орталықта өртеніп кетті. Содан бері сандалып жүрміз. Қақпаған есігіміз, баспаған табалдырығымыз жоқ. Істі тергеушілер тергеп, сотқа жіберейін деп жатса, іс тоқтап қала береді. Адал ақшамды ғана алғым келеді. Әлде біз қарапайым халық болған соң біздің сөзімізді қарамай ма? — дейді көлік иесі Нұрболат Әжентаев.

Зардап шеккен көлік иелері істі тергеу кезінде шикілік болғанын айтады. Тіпті сыбайлас жемқорлық болуы мүмкін деп те күмәнданады. Өйткені бір жыл өтсе де іс сотқа жетпей жатыр.

— Үш жарым миллион тұратын көлігім өртеніп кетті. Бізді босқа сандалтып жатыр. Прокуратурада осы іске қатысы бар мүдделі тұлғалар бар деп күдіктенеміз. Өйткені көлік жөндеу орталығының иесінің анасы прокуратураның бұрынғы қызметкері деп естідік. Осының бәрі істің созылуына әкеп отыр, — дейді жәбірленуші Мұратбек Сайранбек.

Бұл іс бойынша келген шығын көлемі — 23 млн теңге. Енді осы ақшаны жәбірленушілер тек сот арқылы ғана ала алады.

— Бұл іс Атырау қалалық Полиция басқармасының өндірісінде тұр. Сот техникалық құрылыс сараптамасы тағайындалды. Сараптаманың нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады. Шамамен бір айдың ішінде сараптама аяқталады, — деді Атырау қаласының прокуроры Аршат Тайтуллин.

Көлік жөндеу орталығының иесіне барғанымызбен, кәсіпкерді таба алмадық. Кәсіпкер қазір өртенген орталықты қалыпқа келтіріп, металл қабылдайтындарға жалға беріпті.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров