Пәтерден есірткі зертханасын ашқан (видео)

Нұрболат АДЫРБЕК

Бейнеден кадр

Полицейлер астанадағы тұрғын үй кешенінің пәтерінде орналасқан есірткі зертханасын анықтады, деп хабарлайды ЭК.

Нұр-Сұлтанның Полиция департаментінің таратқан мәліметі бойынша, 27 жастағы биотехнолог зертхана ашу үшін қаладағы элиталық тұрғын үй кешендерінің бірінен арнайы пәтер жалдаған. Күдікті ол жерде синтетикалық есірткілердің "Мефедрон" және "Амфетамин" түрлерін дайындаған. Ол өзі дайындаған есірткіні интернет-дүкен арқылы сатып келген.

"Оның үйін тінту кезінде синтетикалық есірткі дайындау формуласы жазылған дәптер, электронды таразы, психоактивті заттар өндіруге арналған химиялық компоненттер, колбалар, қаптауға арналған полиэтиленді қалташалар, дербес компьютер (сол арқылы есірткіні сатқан), сонымен қатар салмағы 10 грамнан асатын дайын "синтетика" табылып, тәркіленді", — делінген полиция таратқан хабарламада.

Ол сақтық шараларын барынша пайдаланыпты.Тіпті тұтынушыларымен бетпе-бет кездеспеу үшін алдын-ала телефон арқылы келісіп, "тапсырыстарды" орталық саябақтарға, балалар алаңқайларына қалдырып кетіп отырған.

Күдікті қолға түскен соң полицейлерге есірткі жасырған құпия орындарын көрсетіп берді. Ал көрсетілген жерлерден қолдан жасалған бір реттік 60 доза есірткі табылды.

Қазір күдікті қамауға алынды. Оған Қылмыстық кодекстің 297-бабының 3-бөлігі (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша айып тағылды. Бұл бапты мүлікті тәркілеп, 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров