Жаңаөзен жұрты ауыз судан тарығып отыр

Жұмазия ОРАЗАЙ

vk.com

Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында әлі күнге дейін ауыз су мәселесі өзекті болып тұр, деп хабарлайды ЭК

157 мың халқы бар моноқаланың тұрғындары ауыз суды бірнеше жылдан бері лимитпен пайдаланады. Жаз мезгілінде көп пәтерлі тұрғын үйлерге тәуліктің тек 12 сағатында су беріледі. Ал жер үйлерге су алты-ақ сағатқа қосылады.

"Жаз басталса осындай болады. Күннің аптабында судың тапшылығы қиын. Әсіресе, Жаңаөзеннің ыстығы бөлек. 10 жылдан бері осындай. Жаз басталса тек күніне 6 сағатқа су қосылады. Әрине, тек құдыққа келетін суға қарап отырмаймыз. Ішетін суды сатып аламыз дүкеннен. Ал басқа тұрмыстық қажеттіліктерге тек осы құдыққа құбырдан келетін судан аламыз. Судың сапасы да нашар. Шәйнектердің түбі сарғайып, лайланып тұрады.Оған етіміз үйренді. Бірақ жаз басталса тапшылық болады екен деп отырмау керек, 21 ғасырда ауыз су тартудың жолдарын іздеу керек", — дейді шаһар тұрғыны Әйгерім Рейімбаева.

Әйгерім Рейімбаева Жаңаөзен қаласындағы жер үйлердің бірінде тұрады. Жер үйде тұратын барлық тұрғын осындай ережеге үйренген. Ал қалалықтар тек түнде сусыз отырады. Олар да күндіз су жинап алуға мәжбүр. Күндіз сығымдап қосып, түнде татырмай отырғанда алатын судың көлемі — 32 мың текше метр.

"Қалаға тағы да 10 мың текше метр су керек негізі. Қала бойынша 710 шақырым су құбыры бар, Оның барлығын бірдей 24 сағат сумен қамтамасыз ете алмаймыз. Сол үшін таңғы 06:00 ден бастап, 12:00-ге дейін бір ауылға, 12:00 ден 18:00-ге дейін бір ауылға, 18:00-ден 22:00-ге дейін бір ауылға осылай 6 сағаттан суды кезекпен береміз. Басқа амал жоқ. Өйткені, қала мен жер үйлерді ауыз сумен қамтушы екі ғана су көзі бар. Ол мың шақырымдық "Еділ" су магистралі, "Түйесу-Сауысқан" жер асты су көзінен келетін сумен ғана амалдап отырмыз", — дейді Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Берік Ізғалиев.

Әкім орынбасарының айтуынша, ауыз судың тапшылығы дәл қазір де, келер жылы да шешілмейді. Тек тұрғындарға үнемдеп пайдалануға кеңес береді. Жаңаөзендіктер құтқаратын 2023 жылы бітетін "Кендірлі" су тұщыту зауыты ғана. Оның да тек техникалық негіздемесі дайындалған. Ал зауыт құрылысын салуды "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы мойнына алған. Жоспар бойынша, 87 млрд теңгеге салынатын су тұщыту зауыты тәулігіне 50 мың текше метр ауыз су әзірлейді.

Сол 2023 жылы осы зауыт салынып бітсе, Жаңаөзендіктердің тіршілік нәріне қатысты түйткілі түпкілікті шешіледі деген жоспарымыз бар. Әзірге суды осылай жыл сайын лимитпен беріп отырамыз. Өйткені, су көлемін ұлғайтатын басқа мүмкіндік жоқ,

дейді әкімнің орынбасары.

Сонымен, Жаңаөзендіктер ауыз суды 6 сағаттық кезекпен ішетін Қазақстандағы "ерекше" қала. Қалалықтардың бар үміті жаңа зауытта. Оған дейін мұнайшылар шаһарының тұрғындары жаздыгүні жарытып су іше алмайын деп отыр.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров