Қазақстанда Hayat-Vax-тың 13 мың дозасы ғана қалған

Бек ТӨЛЕУОВ

© ЭК/Валерий КАЛИЕВ

Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Марат Шоранов Hayat-Vax және CoronaVac екпелерінің бітейін деп қалғанын айтты, деп хабарлайды ЭК.

"Біз Қазақстанға Hayat-Vax вакцинасының 1 млн дозасын әкелдік. Оны 500 мыңнан екіге бөлгенбіз. Оның бір жартысы бірінші компонентке, екінші жартысы екінші компонентке арналған. Қазіргі кезде Hayat-Vax-тың бірінші компонентінің қалдығы 13 мыңдай. Қазақстан бойынша бірінші компоненті 486 мыңнан астамға салынды. Сол себептен екінші компоненттің вакциналары медициналық мекемелердің, ұйымдардың қоймаларында сақтаулы тұр. Екінші дозасын 327 мың адам салдырды. Hayat-Vax және CoronaVac-тың бірінші компонентін алған азаматтар екінші екпесін сол мекемелерден ала алады. Біраз қалаларда расында да 486 мың адам алғандықтан вакцина бітейін деп қалды", — дейді Марат Шоранов.

Ол бұл вакциналардың қосымша партиясын әкелу үшін келіссөз жүргізіліп жатқанын еске сала кетті.

Қазір елімізде екпе салдыратындардың саны артқан. Орта есеппен күніне 60-80 мың адам екпе салдырады екен.

"8 шілдедегі жағдай бойынша, І компонентті 113 мың адам, ІІ компонентті 48 мың адам салдырған. Мәселен, кеше ғана бір күн ішінде республикамыз бойынша 161 мың адам вакцина алған. Осындай көрсеткішпен вакцинациялаудың мөлшерін 2 миллионға дейін жеткізу жоспарда бар", — дейді бірінші вице-министр.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров