Күйік шалған даладан киіктер ауып жатыр

Абылай МАУДАНОВ

Фотолар “Алтын дала” резерватының әлеуметтік парақшаларынан алынды

Қостанай облысы аумағындағы “Алтын дала” табиғи мемлекеттік резерватынан ақбөкендер жылдағыдан ерте жылыстап кеткен, деп хабарлайды ЭК.

Биыл Қазақстандағы киіктердің саны өсіп, 842 мыңға жеткен еді. Оның 258 мыңы бетпақдалаға тиесілі. Бұл сәуірдегі, төлдемей тұрған кездегі санақтың есебі.

Негізі, киік — өсімтал жануар. Оған бір ғана дәлел ретінде соңғы екі жылда саны 252%-ға артқанын айтсақ та жеткілікті.

Алайда басы көбейгенмен бөкендердің басынан соры арылмай тұр. Айларға созылғап аптапты ыстық дала еркелеріне де оңай тимеген тәрізді.

"Киіктер жаз басталмай жатып-ақ өзге өңірлерге, әсіресе, егінді аймақтарға өріс ауыстырып кетті. Себебі, көктемде су аз келді. Шағын көлдер, тоғандар ерте құрғап қалды. Жылда осы уақытта резерват аумағында жыртылып-айырылып жүретін жануарлар биыл жым-жылас. Қазіргі сәтте тек Ұлы Жыланшық өзенінің бойынан ғана кездестіруге болады, — дейді "Алтын дала" табиғи мемлекеттік резерватының директоры Дүйсенғали Айтбаев.

"Алтын дала" — бетпақдала түрінің төлдеп, көбейетін мекені. Резерват әу баста ақбөкендерді қорғау үшін құрылған. Оның заңдық мәртебесі мемлекеттік қорықтармен бірдей. Қуаңшылық киіктерге ғана емес, табиғат қорғаушыларына да қиындық тудырып тұр. Кенезесі кеуіп, қурап тұрған аумақта өрт те көбейіп кеткен.

"Үш рет жай түсіп, бір мезгілде төрт жерден от тұтанды. Біз қорғайтын аумақ орасан зор. Ол — 489 766 гектар. Өрт білінген жерлердің арасы тым қашық, кемі 50-60 шақырым. Мысалы, бірі Жангелдин ауданында, Алтыбай жақта болса, екінші өрт Амангелді ауданы Талғұй мекені тұсынан тұтанады. 11 техника, 44 адам жұмылдырылып, қызыл жалын кеше толық өшірілді", — дейді резерват басшысы.

Бұл да бөкендердің үдере көшуіне бір себеп болып тұр. Себебі, киіктер көп жайылатын жерге жақын елді мекеннің тұрғындары өрт кесірінен өріс тарылып, жылда жайқалып жататын жайылымдардың биыл ақшаңдаққа айналғанын айтып шағымданады.

"Қазір "Алтын дала" резерватында қанша бас киік барын тап басып айту қиын. Өйткені олар да құс сияқты. Бүгін бір орында 1-2 мыңы жайылып жүрсе, екі-үш күнде 30-40 мың бас қосылып, көбейіп шыға келуі мүмкін. Әйтеуір, біздің аумақтағы түз тағыларының қарасы жылдағыдан анағұрлым аз", — дейді Дүйсенғали Айтбаев.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров