Ақтөбеде зорланған балаға қатысты басқарма басшысы түсінік берді

Кәмшат ҚОПАЕВА

Әлеуметтік желіден

Ақтөбеде мектеп дәретханасында 7 жастағы баланың зорланғаны туралы ақпаратқа қатысты, облыстық білім басқармасының басшысы түсінік берді, деп хабарлайды ЭК.

Биыл 29 наурызда Ақтөбе қаласындағы орта мектептің 1- сынып оқушысының анасына жоғары класс оқушылары баласын құлағынан тартып, саусағын қайырып қорқытқандығы жөнінде директорға шағым айтқан.

— Оқиғаның мән-жайын анықтау барысында бала өзіне тиіскен жоғарғы сынып оқушыларының кім екенін анықтап айта алмаған. Мектепке бірінші рет шағымданып барған кезде ата-ана тарапынан зорлық фактісі туралы мүлде айтылмаған. Артынша, екі күн өткен соң, яғни наурыздың 31-інде баланың анасы қаладағы №3 полиция бөліміне арызданып, жоғарғы сынып оқушылары баласына азғындық әрекет жасағандығы жөнінде баяндаған. Мектеп әкімшілігі бұл туралы полиция бөлімінен хабардар болғарн.

Сонымен қатар полиция бөліміне шақырылған педагогтердің барлығы оқиғаны құпия сақтайтындығы жөнінде қолхат берді. Арыз бойынша "кәмелетке толмаған балаға қатысты сексуальдық сипаттағы зорлық әрекеті" фактісімен қылмыстық іс тіркеліп, сот-медициналық сараптама тағайындалды. Алғашқы сараптаманың қорытындысы бойынша зорлық фактісі анықталған жоқ. Қазір жәбір көрген баланың денсаулық кітапшасында тіркелген дәрігерлік анықтамалар бойынша қосымша сот-медициналық сараптама тағайындалып, жүргізіліп жатыр. Қорытындысы әлі шыққан жоқ. Аталған мектептің 3 оқушысы күдікті ретінде тергеуге алынды.

Баланың ата-анасы жеке маманның көмегіне жүгінетінін айтып, мектеп психологының қызметінен бас тартты. Баланың әжесімен кездесіп, сөйлесіп, қажет көмек ұйымдастырдық,

деді Жолдас Батырхан.

Баланың әжесі басқарма басшысынан болған оқиғаның жария болмауын өтінген. Мектеп психологынан бас тартуының себебі де осы болса керек. Ал осы жағдайдан соң бала ата-ананың өтінішімен қашықтан оқуға ауысады.

Тергеу амалдары аяқталып, аталған факт толық дәлелденгеннен кейін ғана мектеп әкімшілігіне тиісті шаралар қолданылады. Бұл мәселе облыс әкімінің тікелей бақылауында,

деді басқарма басшысы.

Ал оқиға болған мектептегі 2 бейнекамера 17 наурыздан бастап істен шыққан. Техникалық қызмет көрсетуші мекеме камералардың қосалқы бөлшектерін жөндеуге алып кеткен. Маусым айынан бастап бейнекамералар қайта іске қосылыпты.

Ал, аталған оқиға бойынша ЭК тілшісі облыстық полиция департаментіне хабарласқанда, олар қандай да бір түсінік беруден бас тартты.

Аталған істі балалардың құқықтарын қорғау комитеті бақылауда ұстайтынын мәлімдеді.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров