Қырғыз-тәжік шекарасында тағы да оқ атылды

Болат МӘЖИТ

© ТАСС

Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында қарулы қақтығыс болды, деп хабарлайды ЭК.

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің мәліметінше, атыс 8 шілде күні сағат 17:00 шамасында басталған.

"Қырғыз жасағы Баткен облысы Ләйлек ауданы Наумина асуындағы мемлекеттік шекарада қызметін атқарып жүрген. Тиісті бағытпен келе жатқанда, Чашмагильдан асуында оларға аяқ астынан тәжік шекарашылары шабуыл жасаған. Оның арты қарулы қақтығысқа ұласқан" делінген ҚР шекара қызметі таратқан хабарламада.

Оқиға орнына ҚР мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің Баткен облысы бойынша басқарма бастығы, полковник Кыялбек Толонбаев, күш құрылымдарының басшылары аттанған. Екі елдің шекара қызметінің өкілдері жағдайды бақылауға алып, жіті тексеріп жатыр. Әзірше зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ.

Естеріңізге сала кетсек, 28 сәуірде Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасы маңында болған қарулы қақтығыстан бірнеше адам қаза тапқан еді. Жанжал Ақсу өзенінде орналасқан "Головной" су тарату орталығындағы келіспеушіліктен шыққан.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров