Ақтөбелік шаруалар Маңғыстауға тегін мал азығын жібереді

Кәмшат ҚОПАЕВА

Pixabay

Ақтөбе облысының шаруалары қуаңшылықтан малы қырылған Маңғыстау жұртына тегін мал азығын жібермек, деп хабарлайды ЭК.

Қазір облыстың шаруалары бірігіп, Маңғыстауға көмек ретінде тегін мал азығын дайындап жатыр. Екі күнде 1370 орама және 1000 түк шөп жиналған.

Жалпы бұл бастама әлуметтік желідегіі жылқышылардың тобында көтерілген. Осыдан кейін жылқышы жігіттер бірден іске кірісіп кеткен. Бірі —100, енді бірі 200 орама шөпті тегін берген және әрқайсысы 50 мың теңгеден жинаған.

"Маңғыстауға көмек" қорының жетекшісі Орынбай Жолмұраттың айтуынша, екі күнде 1 миллион теңгеге жуық қаржы жиналыпты. Көмек бір апта жиналады. Қазір шаруалардан бөлек қарапайым тұрғындар да қолында барын салып жатыр. Бірі 1000 теңге жіберсе, енді бірі 500 теңге аударып жатыр.

Қазір біздің шаруаларға да оңай тиіп отырған жоқ. Биыл көп аймақтарда қуаңшылық болып, шөп шықпай қалды. Бірақ біздің жағдайымыз көрші облысқа қарағанда шүкір, сондықтан қолымыздан келгенше көмек көрсетуге тырыстық,

деді Орынбай Жолмұрат.

Осы істі ұйымдастырушылардың бірі Бақытжан Ержанов, жиналған мал азығы өзге біреулерге қолды болмай, нағыз мұқтаж шаруашылықтарға жетуі тиіс екенін айтты.

"Мал азығын шаруаларға жеткізудің екі нұсқасын ұсынып отырмыз. Біріншісі, шөпті маңғыстаулық шарулардың өзі алып кетеді, біз тиеп береміз. Екіншісі, біз жеткіземіз, бұл кезде олар шөптің тасымал құнын төлейді. Жалпы бұл бастаманы өзге облыстағы шаруалар да қолдап жатыр. Қаржылай көмек беріп жатқандары бар. Біз қиындыққа тап болған Маңғыстау жұртына қол ұшын созуға дайын екенімізді көрсеткізім келеді", — деді Бақытжан Ержанов.

Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсенбаев ақтөбелік шаруалардың ұсынысын Маңыстау әкімдігіне жеткізгенін айтты.

Облыстағы Алға, Хромтау, Әйтеке би аудандарындағы шаруа қожалықтар бастамаға белсене атсалысып жатыр.

Биыл үш айда Маңғыстау облысында қуаңшылықтан 1400 мал қырылғанын естеріңізге сала кетейік.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров