Ұлттық ұлан ән-би ансамблі Бүкіләлемдік фестивальде ел мерейін өсірді

Гүлжан АБАЙҚЫЗЫ

Әлемнің 37 елінен келген өнерпаздар Башқұртстанда өтіп жатқан VI Бүкіләлемдік фольклорлық фестивалінде бақтарын сынады, деп хабарлайды ЭК.

ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметінің хабарлауынша, мәдени олимпиадаға баланатын дәстүрлі өнер додасы башқұрт елінде былтыр өту керек болатын. Алайда әлемдік пандемияға байланысты фестиваль кейінге шегерілген. Ендігі кезекте ұйымдастырушылар барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, өнер бәйгесінің өтуіне қолайлы жағдай жасады.

Дүниежүзінің 37 мемлекеті өз дәстүрі мен мәдениетін паш еткен өнер бәйгесінде ел намысын Ұлттық ұлан ән-би ансамблінің ұжымы қорғап келеді. Өнер ұжымы барлық туындыларды домбыра, қобыз, сыбызғы, жетіген және өзге де аспаптармен ойнады. Сондай-ақ көрермендер қазақтың шоқтығы биік туындылары — "Тұрмағамбеттің термесі", "Домбыра толғауы", "Самғау" және өзге де әндерді тыңдап, тамашалады.

Барлық дайындалған нөмірлердің қатарында "Гәккудің" орны бөлек. Бұл ұлтымыздың көнеден келе жатқан көпке танымал әні. Біз бұл шығармаға ерекше рең беріп, аспаптармен орындалатын туындыға айналдырдық. Сонымен қоса оған мың бұралған бишілерді де қостық, — деді ансамбльдің көркемдік жетекшісі, майор Дархан Рахымғалиев.

Фестиваль барсында бір мезгілде әлемнің 37 елінен 2700 адам шараға қатысып, екінші рекорд аталған айналма биді орындады. Рекорд биге 71 ұлт өкілінің бишілері қатысты.

Айта кету керек, Қазақстан атынан өнер көрсетіп жатқан Ұлттық ұлан ән-би ансамблі еліміздің күш құрылымдары арасындағы алдыңғы қатарлы өнер ұжымының бірі. Фестивальге арнайы шақырту алған өнерпаздар қазақтың қазыналы өнерімен көрермендерді тәнті етті. Фестиваль шілденің 10 күні үлкен Гала-концертпен аяқталады.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров