Маңғыстаулық шаруалар шөп шабуға кірісті

Жұмазия ОРАЗАЙ

© ЭК

Маңғыстауда да кәсіпкерлер шабындыққа шығып шөп шауып, оны ауылдарға арзан бағада жеткізіп жатыр, деп хабарлайды ЭК.

Маңғыстаудың мал ұстайтын ауылдарында мал шығынын көрген кәсіпкерлер шөп шабуға кірісті. Қазір екі бригада сол өңірдегі Ақшымырау аулынан 120 шақырым жердегі Жұмыртқалы жерінен сораң шөбін шауып жатыр. Науқан бастағалы 20 тонна шөп жинаған. Оны маңайдағы Ақшымырау аулына ең арзан бағамен 700 теңгеден өткізіп жатыр. Бір қызығы, шабындыққа бір үйдің бес баласы да кіріскен.

"Өзіміз де мал шығынын көрдік. Биыл ағам және інілеріммен кәсіп бастағымыз келген. Енді мына қуаңшылықты көріп отырмыз. Содан осы жұмысқа бас қойып кеттік. Бесеуміз бір бригада болып 15 күндей болды шөп шауып жүрміз. Малға азық жоқ кезде былтырдан қалған қамба шөпті орып жатырмыз. Шынын айтқанда өз-өзін ақтамайды. Дегенмен, жақын жердегі Ақшымырау ауылына өткізіп отырмыз. Бұл халыққа кәдімгідей пайда, Ал өзімізге сауапты іс болып тұр", — деді шөп бригадасының жетекшісі Нұрбол Мұстафин.

Сөйтіп шаруалар құр отырмай, былтырғы шөпті жинап мал азығын дайындап жатыр. Бұған дейін Маңғыстаулық шаруалар Кендірлі-Қаясан жерінде шөп шабуды бастап кеткен болатын.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров