Індетпен күресуге бөлінген қаржы бойынша 104 заң бұзушылық анықталды

Нұрболат АДЫРБЕК

©ЭК/Валерий КАЛИЕВ

Пандемиямен күресуге бөлінген қаражатқа байланысты 104 сыбайлас жемқорлық дерегі анықталды, деп хабарлайды ЭК.

Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов "Антикор" кеңесінің бірінші жартыжылдықтағы жұмыс қорытындысы бойынша отырысында айтты.

Оның айтуынша, көбіне медициналық техникаларды сатып алу кезінде қызметін асыра пайдалану мен ұрлық фактілері тіркелген.

Мысалы, Шымкентте қалалық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Мырзақұлов медициналық жабдықты аффилирленген компаниялар арқылы жоғары бағамен сатып алған. Оған байланысты қылмыстық іс қозғалып, артынан 3 жылға сотталды.

Қылмыс салдарынан келтірілген шығын көлемі 1,5 миллиард теңге. Маңғыстау облысында да дәл осындай фактімен облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Жаманбаева сотталған.

Ол сондай-ақ медициналық қызметкерлерге арналған жәрдемақылардың мақсатты бөлінуі кезінде де заң бұзушылық болғанын айтты. Мұнда тәуекел тобына жатқызылмаған адамдарға жәрдемақы есептеу фактілері, басшылық құрамның қарапайым дәрігерлерді бопсалау фактілері анықталғанын да мәлімдеді.

Атап айтқанда, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ аудандық ауруханасының бас дәрігері және оның екі орынбасары үстемақыларын белгілеу үшін қарамағындағылардан жүйелі түрде пара алу схемасын ұйымдастырған.

Антикор төрағасының айтуынша, бір ғана індетке қарсы күреске деп қаралған қаржы төңірегінде, сыбайлас жемқорлықтың 104 дерегі анықталған.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров