Қазақ әскері Ауғанстан шекарасына бара ма?

Бек ТӨЛЕУОВ

©ЭК/Валерий КАЛИЕВ

ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Дәндібаев қазақ әскерінің Ауғанстан шекарасын күзетуге бару ықтималдығына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ЭК.

5 шілдеге қараған түні ауғандық шекара бекеті тәліптерге соғыссыз берілді. 312 ауғандық шекарашы көршілес Тәжікстанға өтті. Қазіргі таңда Ауғанстанда "Талибан" қозғалысының қарулы жасақтары мен үкіметтік әскер арасында кескілескен ұрыс жүріп жатыр. Көптеген қалалар мен елді мекендер тәліптердің қолына өтті.

Енді осыған қазақ әскері барып, көмектесе ме деген сауалға ҚР Қорғаныс министрі мұндай шешімді халықаралық ұйымдар мен еліміздің Парламенті қабылдайтынын жеткізді.

"Халықаралық қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етіп, қолдау үшін қандай да бір контингентті жіберу үшін бізге бірнеше шарт керек. Ол шарттың бірі — екі тараптың бірі Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарты ұйымына көмек сұрап жүгінуі тиіс. Екіншіден, Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі деңгейінде шешім шығуы қажет. Әрине, ол шешімді біздің елдің Парламенті ратификациялап, халықаралық миссия атқаратын контингенттің жіберілуіне рұқсат беру тиіс. Осы шарттардың бәрі орындалған жағдайда біз сәйкесінше өзіміздің халықаралық міндеттерімізді орындауға дайынбыз", — деді Тимур Дәндібаев.

Ол жалпы Ауғанстандағы қазіргі саяси жағдай өте күрделі екенін, оқиға баға беру әзірге қиын екендігін айтты.

"Қорғаныс министрлігі Ауғанстан маңындағы жағдайды күн тәртібінде ұстап, ақпаратты тұрақты түрде жаңартып отыр. Шетелдік қорғаныс серіктестермен де келіссөздерді назарда ұстап отыр. Бұл бағытта нақты бірдеңе айта алмаймыз. Оқиғаны бақылап, күтіп отырмыз", — деді вице-министр.

Тәжік-ауған шекарасының ұзындығы 1350 шақырымнан астам екенін айта кетейік.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров