Онлайн құрбандықты ұйымдастыруға ІТ имамдар жұмылдырылады

Шадияр ӨСТЕМІРҰЛЫ

qurban2021.kz

Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы Құрбан айт мерекесінде құрбандық онлайн шалынатын болғандықтан, интернеттің қауіпсіздігі мен жылдамдығына баса назар аударып отыр, хабарлайды ЭК.

Былтыр бір сәтте интернет арқылы тапсырыс беруге 200 адам кірсе, сайттың жұмысы баяулап кеткен. Тіпті, бір мезгілде 1000 адамға дейін тапсырыс беріпті. Бұл біршама техникалық қиындық тудырған. Осындай кемшіліктерді болдырмау мақсатында ақпараттық технологияның ең озық үлгілері пайдаланылып, техникалық қауіпсіздік қолға алынып жатыр. Сондықтан құрбандық шалуға бұл жолы білікті IT-имамдар жұмылдырылып отыр.

Бұл туралы Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбай айтып берді.

"Қазірдің өзінде құрбан шалуға онлайн тапсырыс түсіп жатыр. Карантинге байланысты өкілдіктер онлайн тапсырыс ала бастады. Діни басқарманың жанынан арнайы www.qurban2021.kz сайты ашылған. Осы сайт бойынша құрбандыққа тапсырыс бере алады. Сол жерде малдың бағасы, түрі, салмағы көрсетіледі. Артынша құрбандықтың шалынғаны, оны алған мұқтаж жандардың тізімі жайында тапсырыс берушіге есеп беріледі", — дейді Ағабек Қонарбай.

Оның айтуынша, әр өңірде Діни басқарманың өкілдіктерінде жұмыс топтары құрылған. Жұмыс тобын бас имамның өзі басқарады. Оның құрамында арнайы сертификаты бар, оқу курстарынан өткен қасапшылар, мешіт жамағаты және ерікті жастар бар. Құрбан айт ең ыстық ай ­– шілдеге түскендіктен, малдың дер кезінде бауыздалынып, еті бірден таратылуына баса назар аударылып отыр.

Құрбандық бағасын әр өңірде нарық анықтайды. Кесімді баға жоқ. Ақша тек малдың иесі мен қасапшыға төленеді. Ұйымдастыру, жеткізу тегін. Жұмыс топтары тегін қызмет атқармақ.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров