Сасық иістен шаршадық (видео)

Ержан ШАЙЖАН

Бейнеден кадр

Алматы іргесіндегі Көкөзек ауылының тұрғындары тері өңдейтін зауыттың жабылуын талап етіп отыр, деп хабарлайды ЭК.

Қолқаны қабатын қолаңса иістен Көкөзек ауылының тұрғындары бірнеше жылдан бері зардап шегіп келеді. Айтуларынша, күндіз есік-терезе ашудан, кешке көшеге шығудан қалған.

Ашуға булыққан жұрт жағымсыз иіс бөлетін зауыттың жабылуын талап етіп талай есікті қағыпты.

"Сасық иістен далаға шығудан қалдық. Әбден ауру болып біттік. Үйге кірсең де, сыртқа шықсаң да осы иіс. Біз сонда бұл жерге осы сасық иіспен өмір сүру үшін үй салдық па? Жұмыс істесе дұрыс істесін. Ауыл тұрғындары болып жазбаған жеріміз қалмады, бірақ құлақ асып жатқан ешкім жоқ", — дейді тұрғындар.

"Almaty tannery" тері зауыты 2006 жылы салынған. 150 адам жұмыс істейтін зауыт теріні өңдеп, дайын былғары шығарумен айналысады.

Зауыт директоры Саят Аблаковтың айтуынша, тері өңдеу ошағы елдегі аяқ киім тігетін фабрикаларды шикізатпен қамтамасыз етіп отыр.

Ал тұрғындардың шағымымен зауыт басшысы келіспейтінін айтады.

"Жағымсыз иісті кетіру жұмыстары күнделікті жүргізіліп жатыр. Қазір бұрынғыдай қолқаны қабатын иіс жоқ. Тұрғындардың өздері де байқап, сезіп отырған шығар. Бассейндерді тазалайтын арнайы компаниялармен келісімшартқа отырдық. Бірте-бірте сасық иістен арыламыз. Жойылып кетеді деп айта алмаймын, өйткені биологиялық, химиялық қоспалар болғаннан кейін иіс бөлуі заңдылық. Бірақ бұрынғыдай болмайды", — деді зауыт директоры Саят Аблаков.

Елтай округі әкімінің орынбасары Біржан Боранбайұлы ЭК тілшісіне бұл мәселемен жақсы таныс екенін жеткізді. Айтуынша халық талабына сәйкес тексеру жұмыстары басталып кеткен.

"Бұл зауыт 2006 жылы салынды. Ал ол кезде зауыттың маңында ешқандай үйлер болмаған. Қазір жер комитетімен тексерісті бастадық. Заң бұзушылықтар анықталса, тиісті шаралар қолданамыз. Болашақта не үйлер сүріледі, не зауытты басқа жерге көшіреміз", — деді әкім орынбасары.

Бұл мәселеге қашан нүкте қойылатынын дөп басып айту қиын. Әзірге ауыл тұрғындары үшін жағымсыз ауаны жұта тұрудан басқа амал жоқ.

Ал зауыт басшылығы мұнда кәсіпорынның барын біле тұра, оның маңайынан жер телімдерін сатқандарды жауапқа тарту керек дейді.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров