Әдебиет

Дулат Исабеков: "Еуропаның төрт театры қоятын "Бөртеден" моңғолдар бас тартты"

Нұрболат АДЫРБЕК

Дулат Исабеков

Белгілі жазушы, драматург Дулат Исабековтің бір топ шығармасының швед тіліне аударылғанын ЭК хабарлаған еді.

Осы қуанышты хабарды ести сала ЭК тілшісі қазақтың қабырғалы жазушысының осы және өзге де шығармашылық жаңалықтарымен бөліспек мақсатта сұхбат алды.

Тілші: Аға, шығармаңыз швед тіліне аударылып жатыр екен. Құтты болсын! Осы туралы кеңірек өз аузыңыздан естісек деп едік?

Д.Исабеков: Рахмет, айналайын. Мені бұлармен байланыстырған Лондондағы Еуразия шығармашылық Гильдиясы. Солар өздері швед тіліне аударуға ұсыныс тастады. Шығармаларымды "Brännande Sol, Isande Vind, Levande Stäpp" ("От үрлеген күн, Мұз бүріккен жел, Жанды дала") деген атпен аударуды 2019 жылы бастаған болатын. Кітап шведтің "Gün Publishing House" баспасынан басылып шықты. Артынан Лондонда онлайн тұсаукесерін өткізіпті. Бұл жинаққа менің "Гауһартас", "Сүйекші", "Дермене", "Өкпек жолаушы", "Біз соғысты көрген жоқпыз" сияқты бес танымал повесть пен "Қабылан" және "Тыныштық күзетшісі" атты екі әңгімем еніп отыр. Кітап алдында 1000 данамен басылған екен, артынан сұраныс көбейіп, тағы 2000 данамен басылды.

Тілші: Туындыларыңызды швед тіліне аударған Нобель сыйлығының иегері Бенгт Самуэльсонмен бұрыннан шығармашылық байланыстарыңыз бар ма еді?

Бенгт СамуэльсонБенгт Самуэльсон
Бенгт Самуэльсон

Д.Исабеков: Мен бұл аудармашыны бұрын мүлдем білмейді екенмін. Оған аудартуды ұсынған да сол ағылшындар. Өзі өте талантты аудармашы екен. Бұл кісіні менің шығармамды аударуға отыруы үшін бір жыл күттік. Алдағы жылы осы жинақтың тұсаукесерін Қазақстанның Швециядағы елшілігімен бірлесіп Стокгольмде өткізу жоспарда бар. Содан кейін Қазақстанда болады.

Тілші: Тағы қандай шығармашылық жаңалықтарыңыз бар?

Д.Исабеков: Менің "Бөрте" атты драмалық шығармамды алдағы күндерде Еуропаның төрт театры қоюға қызығушылық танытып отыр. Бұны да күні кеше ғана сол Лондондағы Еуразия шығармашылық Гильдиясының мүшелері хабарлады.

Тілші: Нақты қай елдердің қандай театрлары қоймақшы?

Д.Исабеков: Олар; "Zurich English-Speaking Theatre" (Швейцария) театры, екінші "New World Theatre Club" (Люксембург), үшіншісі "Volkstheater" (Вена, Австрия), және "Alex Theatre in St Kilda" (Мельбурн, Австралия) осы төрт театрмен қазіргі таңда келісім-шарттар жасау мәселесі жүріп жатыр. Тағы бір жаңалығым менің сценарийім бойынша түсірілген Нұргелді Садығұловтың "Балуан шолақ" фильмі Лондонда өткен ІІІ Еуразиялық кинофестивальде жүлделі орын алыпты. Мұны да сол Лондондағы менің шығармашылығымды насихаттаумен айналысып отырған Еуразиялық шығармаларды насихаттау Гилдиясының өкілдері айтты. Олар алдағы күзде Көкшетауға келіп, Еуразиялық әдеби форум өткізуді жоспарлап отыр. Сол кезде әлгі жүлдені маған салтанатты түрде табыстамақ.

Тілші: Осы "Бөрте" атты пьесаңызды Моңғол театрларына ұсынып көрмедіңіз ба?

Д.Исабеков: Ұсынғанда қандай. Олардың мемлекеттік драма театрынан режиссерлері хабарласып осы "Бөртені" өздері сұрап алған. Артынан қоятын болдық деді. Кейіннен бас тартты. Себебі, олардың Мәдениет министрлігі жанында көркемдік кеңес секілділері бар екен. Сол кеңес ары-бері қарап: "Бұл — моңғолдарға қарсы жазылған шығарма. Қазақтар осы арқылы бізден Шыңғыс ханды тартып алмақшы", — деген сыңайда шешім шығарыпты. Сонымен ол жақта қойылмайтын болды. Қанша жерден айтқандарымен де, соңғы кездегі шығып жатқан тарихи деректерге қарап олардың да Шыңғыс ханның моңғол емес екенін іштері сезіп отыр ғой деп ойлаймын. Мұны біз түгілі ресейлік тарихшылар да арагідік айтып қалып жүр.

ДЕРЕК:

Алтын Орда тарихын ұзақ уақыт зерттеген ресейлік белгілі ғалым, "Страна Моксель", "Москва Ордынская" атты тарихи кітаптардың авторы Владимир Белинский мынандай тұжырым жасаған екен:

"Наймандар, керейлер, қияттар мен меркіттер моңғол емес, түркі тайпаларына жатады. Олардың ұрпақтары қазіргі Қытай жерінде өмір сүріп жатыр, тілдері қазақша. Темуджиннің әкесі (қазақша Теміршін болып айтылады) Есүгей қияттардың ханы болған. Шешесі Оян меркіт руынан. Шыңғыс ханның әйелі Бөрте қазақтың қоңырат руынан шыққан. Оның барлық ұлдары түркі есімдерімен аталды. Шыңғыс ханның өзі қазақ тілінде "Шұғылалы хан" деген мағынаны білдіреді. Кеңестік тарихшылар қанша жерден бұрмалағанмен, Шыңғыс ханның қазақ екендігін дәлелдейтін фактілер жеткілікті. Шыңғыс ханның ұрпақтары, Алтын Орданың хандарының барлығы Моңғолияда емес, қазақ жерінде отырғанының өзі-ақ көп нәрсені аңғартпай ма?"

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров