Атыраулық шаруаның жан-айқайы елдегі фермерлердің проблемасын анық көрсетті

Фархат АБИЛОВ

©ЭК/Фархат АБИЛОВ

Биыл жауын-шашынның аз болуына байланысты Атырау облысы да құрғақшылықтың зардабын тартып жатыр. Алайда биліктен көмек күткен шаруалар жағдайдың оңалатындығына сеніңкіремейді , деп хабарлайды ЭК.

Осыған дейін ЭК Атырау облысы Исатай ауданында су жетіспеушілігінен малдың әлсіреп, тіпті қырылып жатқанын жазған еді.

Бұл ақпаратты аудандық әкімдік толық растамаса да, облыс әкімі мал азығын көрші Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облыстарынан әкеліп, қысқа да дайындап қоюға тапсырма берген болатын.

Батыста аптап ыстық басылар емес. Маусым айында ауа температурасы 40 градустан асса, қазір 35-38 шамасында. Атырау облыстық ауылшаруашылығы басқармасы ұсынған мәліметке сенсек, мұнайлы облыста ауыл шаруашылығына пайдаланатын жерлердің жалпы ауданы 2 млн 883,9 мың гектар, оның 50,4 мыңы ғана — шабындық.

Жергілікті шаруалардың айтуынша, Жайық өзені тартылып, каналдар құрғай бастағандықтан төрт түлікке су мен шөп едәуір азайған.

70-ке жуық сиыр мен асыл тұқымды ақбас бұқа, 100-ге жуық жылқы бағатын Төленбай Аманбаев та құрғақшылықтың зардабын тартып отыр.

— Бір жағынан, бізді құрғақшылық қысса, екінші жағынан, ірі азықтың (шөптің) қымбаттылығы ауыр тиіп отыр. Соңғы кездері мал ұстау қиындап кетті. Бұрын мен ата-бабаларымыз сияқты төрт түлік ұстайтынмын. Бірақ су мен жем-шөптің жетіспеушілігінен қой мен түйе ұстаудан бас тартуға тура келді. Құрғақшылық қиынға соғып тұр. Су болмаса қиын, — дейді шаруа Төленбай Аманбаев.

Аманбаевтың малы мың гектар жерге жайылып, күніне бес тонна су тасиды. Бұл өте тиімсіз. Бірақ 40 градус ыстықта су ішпеген мал бірден қырылып қалады.

Жем-шөп бағасы да қымбат. Мысалы, 2019 жылы бір орама шөп 3200 теңге тұрса, былтыр 4500, ал биыл 6500 теңге болды! Бір қап жем — 3500 теңге.

— Жем-шөпке 3,5 млн теңге жұмсаймын. Бағаны қадағалайтын ешкім жоқ. Тек мен емес, басқа да шаруалар осындай қиыншылықта отыр. Шөпті көрші облыстардан сатып аламыз. Осылай жалғаса берсе мал қырылады. Билік бізге жем-шөп әзірлеуге көмектесіп жатырмыз деп айтқанды ұнатады. Басқа фермерлерде қандай екенін білмеймін, ал маған бұл проблема. Менің білуімше, былтыр жемшөп дайындау үшін субсидия алуға бюджеттен 600 миллион теңге бөлінген, — дейді шаруа.

Ресми мәліметтерге сәйкес, облыста 184 мыңға жуық ірі қара, 591 мың қой-ешкі, 95 мың жылқы және 33 мыңға жуық түйе бар. Оларды қамтамасыз ету үшін 573 700 тонна жем-шөп қажет.

Билікке сенсек, бұған қатысты аса бір проблема жоқ. Бірақ шаруа Аманбаевтың жағдайы жергілікті биліктің баяндамасының "шыңдығын" айқындап бергендей.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров