Маңғыстаулық шаруалар: Қыстан қалай шығамыз?

Жұмазия ОРАЗАЙ

Әлеуметтік желіден

Жиналған жем-шөпті малға қазір беруге мәжбүр болып жатқан маңғыстаулық шаруалар қыстық қорға алаңдайды, деп жазады ЭК.

Маңғыстаудағы қуаңшылықтан ресми дерек бойынша 1159 мал басы қырылған. Осындай құрғақшылықтың боларын сезген малшылар сәуірден бастап дабыл қақты.

Бірақ үкіметтік комиссия маусым айында ғана келді. Маңғыстаудағы бес ауданды аралап, шаруалардың жәйін, төрт-түліктің күйін көрсе де хаттама толтырып кетумен ғана шектелді. Шаруалар өз бетінше тыраштануына тура келді.

Ел аумағында қымбаттап кеткен жем мен шөптің бағасын халықтың қалтасы бірде көтерсе, бірде көтермейді. Әркім өз бетінше амалдап отыр.

"Жерде дым жоқ. Енді Үкіметтен малды өлтірмей ұстау үшін арзанға жем-шөп сұраймыз ғой. Жергілікті билік басқа облыстармен өзара келісімшарт жасаса да арзанға жем әкелуді, шөп тасуды ұйымдастыру керек . Қуаңшылық болмаған кезде де біраз жем-шөп сырттан келетін еді. Енді тіпті тәуелдіміз. Бес-он тұяқты аман сақтау үшін қымбат екеніне қарамай мал азығын аламыз", — дейді мал ұстайтын ақсақалдың бірі.

40 жыл кеңшарда еңбек еткен, Ақшымырау ауылының тұрғыны Хасан Назаров та мал азығының күн санап қымбаттап жатқанына алаңдайды.

" Шөптің бір орамы 17 мың теңге. Ол да ештеңе емес. Жем-шөп келіп тұрса аламыз. Бірақ қысқа қор жасап қамданбаса қиын. Жылқыдан түк қалмауы мүмкін. Өткенде 5-6 жылқы шығын болды Құлындарды енелері өліп қалмауы үшін 50 мыңнан саттық", — дейді Хасан Назаров.

Маңғыстаулықтардың тілегі сол, мал азығын әкелуді дұрыстап ұйымдастырса дейді.

" Ала жаздай мына малды қораға қамап жемдеген жұрт қыста олай істей алмайды. Істегісі келсе де, сатып алатын мал азығы болмай қалуы әбден мүмкін",- дейді ауыл шаруашылығы саласының ардагері, жеке кәсіпкер Күзембай Ерғалиев.

Шаруалар дабылына жауап ретінде төмен бағада жем-шөппен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттің есебінен 204 миллион теңге бөлу жоспарланды. Оның 150 миллион теңгесі кәсіпкерлерге шөп шауып әкелу үшін несие ретінде үлестірілді де, қалған 54 миллион теңгеге 637 тонна арпа сатып әкелінген. Қосымша 563 тонна енді тағы келеді. Облыс бюджетінен арзан жем-шөп әкелуге бөлінген қаражат пен мал азығының көлемі осындай. Ал жуырда өңірге келген Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев қордан 1,9 млрд теңге көмек барын айтып кетті.

"Мал азығына деп 1,9 млрд теңге бөлінген екен. Енді соны дұрыстап игеру керек. Малшылар ақшаны алғаннан кейін оны басқа мақсатқа жұмсап жіберуі мүмкін. Сондықтан оған мал азығын сатып алып тарату керек ",-дейді кәсіпкер Күзембай Ерғалиев.

Қазірдің өзінде 25 шаруашылық 2259 жылқы, 1009 ірі қара, 720 түйе, 3170 қойын тиеп Солтүстік Қазақстанға , Ақтөбеге, Атырау облысына көшкен. Ал Бейнеу ауданының шаруашылықтары 3170 бас қой, 330 бас сиыр, 1470 бас жылқы мен 520 бас түйесімен Ақтөбе облысының Байғанин ауданына жайылым ауыстырған. Ақтөбе облысы қосымша 100 гектар жерін шабындыққа берген. Шаруалар мұның өзін тек жаздың, көп болса күздің қамы дейді. Бәрінің қорқып отырғаны — алдағы қыс мезгілі. Сол үшін де олар төтенше жағдай жариялауды сұрап отыр.

"Төтенше жағдай жариялауды тек бір ғана критерийге тақамасын. Ауаның ылғалдығына емес, аптап ыстыққа, 20 күн қатарынан соққан желді есепке алсын. Сосын ылғалдылық деңгейін Республика бойынша ортақ көрсеткішпен есептеу қате. Маңғыстаудың ауа-райы мүлдем басқа. Оған бөлек көрсеткіш тағайындау керек",-дейді шаруалар тобы .

Ал, атқарушы биліктің берген есебі бойынша жағдай басқаша. Бүгін келген Үкімет басшысы тағы да мал азығын алдыру үшін қосымша қаражат бөлуді тапссырды.

"Фермерлерге қолжетімді бағамен 114,7 мың тонна дайындалған шөпті сатып алу және жеткізу үшін, сондай-ақ "Азық-түлік келісімшарт корпорациясы" ҰК" АҚ арқылы 56,3 мың тонна жем-шөп (кебек) сатып алуға қосымша қажетті қаражат бөлінеді",-деп жазған Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Бірақ мұның барлығы ресми тіркелген 630 мың басқа ( 23913 бас сиыр, 444 960 қой — ешкі , 89651 жылқы, 74650 түйе ) есептелген азық көлемі болуы әбден мүмкін. Ал статистика бойынша Маңғыстаудағы малдың саны 850 мың. Сондықтан, ата кәсіпті дөңгелетіп отырған халықтың қыстауы қайдан болары, қыстық қоры қайдан келетіні әзірге белгісіз болып тұр.

ЭК тілшісіне сұхбат берген жеке кәсіпкер, шаруа Күзембай Ерғалиевтің өзі де үш айға көрші Ақтөбе облысына көшпек.

"Ақтөбелік шаруалар Маңғыстаудан арзанға жылқы алып құлындарымен тиеп әкелді. Құлынды биелерді 200 мыңға, ал тек құлындарын 40 мыңнан беріп жатыр. Жеткенше бірнеше жылқы мен құлын өліп қалды. Оның неден өлгенін білейін деп сойып көрді. Сонда жылқының тоқ ішегіне дейін топырақ толып қалған. Демек, біздің далада жүрген жылқылар топырақ жеп жүр деген сөз",-деп налыды шаруа .

Ал, 40 жыл кеңшарда еңбек еткен Хасан Назаров қазірдің өзінде күннің аптап ыстық болы тұрғанын, ал күз мезгілінде жауын-шашынның болуы неғайбыл екенін айтып отыр.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров