Алатауға өрмелей салынған құрылысқа кім жауапты?

Шадияр Өстемірұлы

©ЭК/Андрей ХАЛИН

Алматыда соңғы алты айда тау бөктеріне 329 тұрғын үй құрылысын салуға рұқсат берілген, деп хабарлайды ЭК.

Бұл — Алматы қаласының Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының ресми мәліметі. Электронды мәліметтер базасына сәйкес, 2021 жылдың 5 қаңтарынан бастап 30 маусымға дейін Әл-Фараби даңғылы мен Жандосов көшелерінің жоғары бөлігіне жеке тұрғын үй салуға осыншама заңды түрде рұқсат берілген.

©ЭК/Андрей ХАЛИН
©ЭК/Андрей ХАЛИН

Әдетте, мемлекеттік органдардан там-тұм ақпарат алудың өзі оңайға соқпайды. Талай табалдырықты тоздыруға тура келді. Ұзақ уақыт жауап күту қажет. Бір орган екіншісіне, екіншісі үшіншісіне сілтейтін кездері де бар. Бұл мәселені көтергенде одан айналып өте алмадық. Қайта алдымыздан шықты.

"Алматы қаласында жер берілмегеніне көп жыл болды. Қазір де жер телімін бөліп беріп жатқан жоқпыз. Себебі, жер мүлде жоқ", — дейді Алматы қаласының Жер қатынастары комитетінің өкілі Дастан Зиналиев.

Оның айтуынша, жер болған күннің өзінде жекеменшікте. Соңғы жылдары Алматы облысына қарасты шаһар іргесіндегі бірнеше елді мекен, жер телімдері 2014 жылы Президент жарлығымен Алматы қаласына қосылған.

Тау бөктерінде көп үй салынса, ол жерлер облыс меншігінде болған кезде берілуі мүмкін,

— дейді Жер қатынастары комитеті.

Әлеуметтік желіден
Әлеуметтік желіден

Мәселенің анық-қанығына жету үшін Алматы облысы әкімдігіне де хабарластық. Жолдаған ресми сауалымызға шұқшиып, жаңа ережелерді алға тартып, қайта түзетіп жіберуімізді талап еткен. Мүлтіксіз орындадық. Ақырында сол сауал хатымыздың мүлде тіркелмегенін, сондықтан жауап болмайтынын бір-ақ білдік.

Алматы қаласының Жер қатынастары комитеті екінші фактор ретінде кеңес кезінде берілген саяжайларды атап отыр. Саяжайлар жекеменшікке өтіп, жеңіл құрылыс салынып, бау-бақша өсіріліп келген жерлерге енді зәулім үйлер бой көрсете бастаған.

Сонымен, соңғы он, жиырма, отыз жылда тау бөктеріне қанша үй салынды? Бұл жөніндегі мәліметті құзырлы мекемелердің өздері де білмейді екен.

"Соңғы жылдардағы тау басына салынған үйлердің дерегі жоқ. Есебін ешкім жүргізбеген. Бәленбай жылдық құжаттарды ақтарып, есептеп отыруға мүмкіндігіміз шектеулі", — дейді Алматының Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы баспасөз қызметінің өкілі Татьяна Фролова.

Ресми органдарға сұрау салуымызға түрткі болған жайт — Алматы маңындағы тау бөктерінің опырылып құлауы. Бір сөзбен айтқанда, сырғыма. Абырой болғанда, оқиға елсіз жерде болды. Сондықтан қираған ғимараттар мен зардап шеккендер жоқ. Десе де, Алматы қаласына қарасты және іргелес жатқан аймақтардағы тау бөктерлерінде салынған құрылыс жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай көбейіп келеді. Тау баурайындағы құрылыстардың қауіпсіздігіне қатысты да сауал аз емес. Алматының селін айтпағанда, сейсмикалық аймақта орналасқаны ешкімге құпия болмаса керек. Құзырлы орган бұл күдігімізді жоққа шығарып отыр.

Кез келген құрылысты бастау үшін алдымен жер сілкінісіне беріктігі сұралады. Сондықтан алаңдауға негіз жоқ,

— дейді Татьяна Фролова.

Әлеуметтік желіден
Әлеуметтік желіден

Жеке және заңды тұлғалар құрылысты тек қана Ұлттық экономика Министрінің 2015 жылы 30 қарашада шығарған құрылыс салу және құрылыс саласында рұқсат ету рәсімдерінен өту жөніндегі бұйрығына сәйкес салады.

Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының мәліметінше, жаңа құрылыс салуға сәулет-жоспарлау тапсырмасын (СЖТ) алуға тек екі қағаз ғана жеткілікті екен. Олар — құқық бекітуші құжат пен инженерлік желілерге қосылуға техникалық талаптар әзірлеуге қажетті сауал парақшасы.

Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы таулы аймақтарда құрылыс салудың ережелерін егжей-тегжейлі баяндап берді.

Айталық, СЖТ берілген кезде сейсмикалық аймақтарда құрылыс салу талаптары қоса көрсетіледі. Жер бедері 15 пайызға еңіс аудандарда құрылыс пен ғимараттар "таю жазықтығы" шеңберінен тыс орналасуы тиіс. "Таю жазықтығы" дегеніміз — сейсмикалық әсер ескерілген еңістің есебі. Құрылыс осы жайттарды есепке алып, берік салынуы тиіс.

Мәселен, жер теліміне физикалық-геологиялық үдерістер қатты зақым келтіретін болса, топырақтың құрамын күшейтетін инженерлік шаралар жүргізілуі шарт. Немесе оны мүлде ауыстырып тастау ләзім. Бұдан бөлек, ғимараттар мен құрылыстың негізін берік ету шаралары тағы бар.

Ал сырғыма, сел жүруі мүмкін аймақтарда осы қауіптерден қорғайтын арнайы амалдарсыз құрылыс салуға жол берілмейді. Осы амалдар үшін жер телімінің иесі жауапкершілік көтереді,

— дейді Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы.

ТЖД
ТЖД

Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің дерегінше, сырғымалар Алматы қаласы тауларында әлі болмаған.

ТЖД
ТЖД

Жауын-шашын көп түскенде қауіп-қатерлер болған. Ал алдымыздағы тамыз айында жаңбыр мүлде күтіліп отырған жоқ,

— деп хабарлады департаменттің баспасөз хатшысы.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров