Еліміздің аймақтарындағы уақыт белдеулерінің денсаулыққа әсері қандай? (видео)

Жазира БАҒЛАНҚЫЗЫ

facebook.com / Болат Нурхожаев

Қызылордалық қоғам белсендісі Болат Нұрхожаев табиғи уақыт белдеуінің бұзылуынан денсаулығымызға орасан зиян келіп жатқанын айтып дабыл қақты, деп хабарлайды Express Qazaqstan.

2017-2018 жылдары Қызылорда облысы еліміз бойынша суицидтен бірінші орында деген дерек осы уақыт белдеуі мәселесін зерттеуіме түрткі болды,

дейді Болат Нұрхожаев.

Биологиялық уақыт пен адамның ішкі циркадтық (тәуліктік) ырғағының сәйкессіздігі онкология, диабет, жүрек-қан тамырлары жүйесі аурулары, тіпті бедеулік пен белсіздікке, психологиялық ауытқуларға шалдығу қаупін арттыратыны, тірі жандардың өмірін қысқартатыны қазір әлем ғылымымен дәлелденіп отыр.

Маған қызылордалық ата-аналар таңертең балаларын мектепке тұрғызу қиын екенін желіде жазатын. Тіпті кейбір отбасы азанда сабаққа үлгермей қалмас үшін балаларын кешке мектеп формасымен жатқызады екен. Сонда, гигиена, таңғы жаттығу, таңғы ас ше?

дейді Болат Нұрхожаев.

Осы мәселені жеті жыл бойы зерттеп келе жатқан ол адамдардың суицидке бейімділігі де уақыт мәселесіне байланысты екенін тілге тиек етті.

Ұйқы дұрыс болмаса, адамда эпифиз қызметі бұзылады. Яғни, бүкіл дене мүшелерге тапсырма беріп тұратын ми бөлігі дұрыс жұмыс істемейді. Нәтижесінде еңбекке қабілеттілігі, қиындыққа, күйзеліске төзімділігі төмендеп, соңы суицидке ұрындырады,

дейді қоғам белсендісі.

Алдымен еліміздегі уақыт белдеулерінің тарихына тоқталсақ. Қазақстанда уақыт өлшемінің тарихы 1924 жылдан, одан кейінгі Сталин заманынан басталады. Қазақстан 1881 жылы Вашингтонда қабылданған Дүниежүзілік сағат белдеуі жүйесі (Гринвич уақыты) бойынша 4 сағаттық белдеуде орналасқан. Маңғыстау, Атырау, БҚО жартылай UTC+3 сағаттық белдеуде, Ақтөбе, Қызылорда, Қостанай облысы +4 сағаттық белдеуде, ШҚО +6 сағаттық белдеуде, қалған облыстар +5 сағаттық белдеуде орналасқан.

1930 жылы 30 қыркүйекте бұған дейін электр энергиясын үнемдеу үшін бар-жоғы 3 айға енгізілген 1 сағат озық декреттік уақыт қолдану қаулысы бекітілді. 1956 жылы Кеңес одағы аумағында әкімшілік басқару тиімділігі үшін Қазақстандағы 4 белдеуді екеу қылып біріктіріп, төртінші және бесінші белдеу қылды.

Сол кезде Алматы уақытына теңестіріліп, өзінің бастапқы белдеуінен екі сағат алға жылжып кеткен Қызылорда өңіріне 2018 жылы бір сағаты қайтарылды. Енді ол әлі де бір сағатқа аутықып тұр. Ал Қостанай облысында қазір сағат 8 болса, өзінің байырғы жергілікті уақытымен сағат 6 деген сөз.

Осылай табиғи уақыттың ауыитқып кетуі тұрғындарға, әсіресе, балаларға ерекше әсер етеді. Кеш жататын балалардың ұйқысы қысқарып, таңертең сабаққа үлгермейді. Ата-аналар балалардың әлі миы оянбай жатып, мәжбүрлеп төсектен тұрғызып, сабаққа апарады.

Мамандардың айтуынша, балада аштық гармоны күн атар кезде бөліне бастайды. Сол сәтте адамның тамаққа тәбеті оянады. Уақыт дұрыс болмаған соң оқушы азанда тамақ ішпестен мектепке жүгіреді. Барған соң асханадан қолға ілінген фаст-фудтың бірін алып жейді. Таңертең нәр татпастан кеткен олар тез дайындалатын, майлы өнімдерді тұтынғандықтан, асқазан жарасы, семіздік ауруларына ұшырауы мүмкін. Екіншіден, ата-ана мен бала арасында араздық туындайды. Тәтті ұйқыда жатқан жерінен зорлықпен оянған бала үйден үлкендерге ренжіп шығады. Сосын мектепте ашушаң оқушының миына сабақ қонбай, мұғалімнен тағы сөз естуі ғажап емес. Болат Нұрхожаев мұндай жағдайдың Қызылорда облысына да тән болып отырғанын айтады.

Балаларға 9-10 сағат ұйықтау керек. Ұйқы қанбаған жағдайда ең бірінші адамның жүйке жүйесі зақымдалады. Иммунитеті түседі. Ағза әлсірегеннен кейін адамның түрлі ауруларға төтеп беру қабілеті азаяды. Жүйкесі жұқарып, психикасы бұзыла бастайды,

деді онколог-дәрігер Бақыт Ысқақов.

Ал ересек, яғни 45-50 жастан асқан адамдарда ұйқы дұрыс болмаса, жүрек-қан тамырлары жүйесі аурулары, қатерлі ісік пайда болады. Десинхроноз, яғни адамның ағзасында биологиялық ырғақ бұзыла бастайды. Аллергияға, буын ауруларына шалдығады. Есте сақтау қабілеті нашарлайды. Табиғи уақыттан ауытқудың осы сияқты салдары көп.

Бүгінде осы мәселеге байланысты ҚР Интеграция және сауда минстрлігіне қарасты Метрология және стандарттау Комитетінде жұмысшы топ құрылып, 1 отырыс өткен. ҒЗИ мамандары уақыт өлшемі мәселесінің зардабын қазіргі ғылыммен дәлелдеді. Комитет төрағасы бұл жөнінде Президентке және Үкіметке ұсыныс әзірлеу жөнінде хаттама жіберді.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров