Депутат Маминнен цифрландыруға бөлінген қаржының қайда жұмсалғанын сұрады

Бек ТӨЛЕУОВ

Мақсат Раманқұлов / parlam.kz

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Мақсат Раманқұлов Үкімет басшысы Асқар Маминге сауал жолдады, деп хабарлайды Express Qazaqstan.

Ол өз сауалында Қазақстан Үкіметінің Ресей Сбербанкімен цифрлық үкімет платформасын құру туралы келісімі қоғамда резонанс тудырғанын атап өтті.

Біздің "Ақ жол" партиясының фракциясы өткен жылдары жекелеген министрліктердің, жалпы алғанда цифрлық даму мәселесінің ақпараттық жүйелер жұмысындағы сәтсіздіктерін бірнеше рет сынға алған еді,

—дейді Раманқұлов.

Депутат қолданыстағы платформалардың қабілетсіздігі әсіресе былтыр көктемде пандемия басталған соң денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, салық салу, ауыл шаруашылығы және басқа да көптеген электрондық қызметтердің кемшіліктері айқын көрінді деп отыр.

Сол кезде мемлекет жылдар бойы цифрландыруға бөлген миллиардтаған қаржы тиімсіз игерілгені анықталды. Мемлекеттік органдар және жауапты тұлғалар жағдайды түзету үшін жасаған әрекеттері тиісті нәтиже бермеді,

— дейді ол.

Депутат заманауи технологиялар мен жаңа әлемдік жағдайларға байланысты мемлекеттік қызметтерді цифрлық дамытуда артта қалу проблемасы жыл өткен сайын өткір болып тұрғанына тоқталды. Сондықтан барлық мемлекеттік органдардың IT-жүйелерін бірыңғай платформаға келтіру, заманға сай жаңғырту жүйелі проблемаға айналды деп отыр. Осы ретте ол Үкімет басшысына мынандай үш сауал жолдады:

Біріншіден, аталған келісімді өткен жылдары цифрландыру бағдарламаларына бюджеттен бөлінген қаржының тиімсіз жұмсалғанын мойындау деп бағалауға бола ма?

Егер солай болса, онда өткен жылдары мемлекеттік қызмет көрсетуді цифрландыруға нақты қанша қаржы жұмсалды және оның тиімсіз пайдаланғаны үшін жауапкершілік кімнің мойнында?

Екіншіден, осы келісімді дайындау кезінде отандық немесе ең мықты халықаралық IT-компаниялардың мүмкіндіктері ескерілді ме? Оны дайындау барысы ашықтық және адал бәсекелестікке қаншалықты сай болды?

Үшіншіден, келісімді іске асыру барысында ақпараттық қауіпсіздік мүдделері қалай қорғалады?

Осыған байланысты бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің түсіндірмелері жұртшылықты қанағаттандырмайды, керісінше одан да көп сұрақтар туындатты,

—дейді Мақсат Раманқұлов.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров