Жамбыл облысы

Жарылыстан зардап шеккендер: "Күн қатты суыса, қырылып қаламыз" (видео)

Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

Жойқын жарылыс салдарынан баспанасы қираған Байзақ ауданы, Қайнар ауылының халқы үйлерін қалпына келтіру жұмыстары тым баяу жүріп жатқанына наразы. Ал жауаптылар облыс әкіміне жалған ақпарат беріп отыр деген пікірде, деп хабарлайды Express Qazaqstan.

Жамбылдағы Қайнар ауылында небәрі 19 үй бар. Жарылыс салдарынан оның барлығына айтарлықтай зақым келген. Тамыздың соңғы күндері қалпына келтіру жұмыстары басталғанымен, кейінірек ол да бәсеңдеп қалды дейді тұрғындар. Айтуларынша, жұмыс күші тапшы.

Бірлік көшесінің тұрғыны Жанар Сүйіндікова үйінің шатыры әлі жабылмағанын айтады. Күні кеше жергілікті телеарна тілшілері келіп түсіріп кеткен соң бүгін 20 шақты жұмысшы келіпті. Ал оған дейін небәрі 5-6 құрылысшы үш үйді жөндеп келген екен. "Облыс әкімі ауылға келген кезде жауаптылар көзбояушылық жасап, жалған ақпарат берді", — деп мәлімдеді бес баланың анасы.

"Кешегі жексенбі ауылымызға Бердібек Сапарбаев келді. Көшеге шығып, ол кісіні күттім. Біз жаққа қараған да жоқ. Көзге көрінетін тұстағы екі-үш үйге кірді де көлігіне отырып кетіп қалды. Ал ол үйлер аяқталуға жақын. Шатырлары жабылып, іші сыланған. Облыс әкіміне бітіп қалған үйлерді көрсетіп жатыр қол астындағылар. Кеше журналистер келіп түсіріп кеткеннен соң бүгін облыс әкімінің орынбасары, аудан әкімі келді. Өз көздерімен көрді бәрін. Кешегі боранды айта алмаймын енді. Паналап отырған шатырымыз (палатка) ұшып кете ме деп қатты қорықтық. 17 қазанда үйлеріңізге толықтай кіресіздер деп отыр. Әрине, сенгіміз келеді оған. Әйтпесе қиналып қалатын түріміз бар", — деді Жанар Сүйіндікова.

Қайнардың тағы бір тұрғыны Айгүл Тұрапбаева да көршісінің сөзін растап отыр.

"Бүрсігүні жөндеуді бастағанына бір ай болады. Әлі шатырды да жапқан жоқ, шатыр түгілі тіреп тұратын ағаштарын да (стропила) қоймаған. Қозғалыстары тым баяу. Осы уақытқа дейін үндемей отырдық. Білмеймін, күн суытса қырыламыз ғой бәріміз. Лагерьдегі балалар да қайтайық деп шырылдап жатыр. Оларды қалай алып келеміз?", — деді мектеп жасындағы үш баласы лагерьде білім алып жатқан Айгүл Тұрапбаева.

Қайнарлықтардың айтуынша, аудан әкімдігі халықты Байзақ ауданы орталығындағы спорт мектебінде уақытша паналай тұруды ұсыныпты.

"Байзаққа барасыңдар ма? Күн қатты суып кетсе, пеш қосамыз. Тамақ беріледі. Әйелдер мен еркектер бөлек жатады", — деді аудан әкімшілігінен келген қыздар. Оған кім барады? Ешкім айрап-жайрап жатқан үйін тастап кете алмайды ғой. Мұндағы жұмыстың басы-қасында отыру керек. Қатты жаурап, үсіп бара жатсақ, туыстарымыздың үйін паналармыз деп айттық", — дейді тұрғындар.

Ал Жамбыл облысы әкімдігіндегілер жарылыстан зақым келген үйлерді жөндеп жатқан мердігер компаниялар барлық жұмыстарды тиісті мерзімде аяқтаймыз деп сендіргенін мәлімдеді.

Жарылыс салдарынан шатырларда күнелтіп отырған қайнарлықтардың тыныс-тіршілігі туралы біз бұған дейін де жазғанбыз.

Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев өткен жексенбіде жарылыстан қираған нысандарды қалпына келтіру жұмыстарымен танысты.

Еске салсақ, 26 тамызда Байзақ ауданындағы 28349 әскери бөлімінде жойқын жарылыс болды. Оқиға салдарынан жақын маңдағы 106 тұрғын үй мен 12 коммерциялық ғимаратқа зақым келді. Бүгінде 12 мердігер мекеме қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жарылыстан соң облыс әкімдігіндегілер қалпына келтіру жұмыстары екі ай көлемінде толық аяқталатынын айтқан болатын.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров