Хасен Қожа-Ахмет: "Мәдениет министрлігінде роботтар отырған секілді"

Шадияр ӨСТЕМІРҰЛЫ

©ЭК/Шадияр ӨСТЕМІРҰЛЫ

Елімізде Хасен Қожа-Ахметті білмейтін көзі қарақты оқырман кемде-кем болар. Кеңес одағы тұсында үш рет сотталған диссидент. Қоғам қайраткері, саясаткер, композитор, журналист, жазушы әрі тарихшы. Денсаулығы сыр бергеніне қарамастан, ол қазір тарихи кітаптар жазуға ден қойған. Express Qazaqstan тілшісі Хасен Қожа-Ахметпен зиялы қауымның рөлі, өнер және тарих туралы сұхбаттасты.

Express Qazaqstan: Сұхбатымызды зиялы қауымның орнынан бастасақ. Қазір техника заманы. Қолына қалам ұстаған азаматтардың заман ағымына ілесуі қиынға соғып жатқан жоқ па?

Хасен Қожа-Ахмет: Қазіргі жастар отан, ел деген ұғымдарды біле бермейді. Телефонды шұқылаудан бас көтермейді. Технологиялар елге ермек тауып берді. Рим империясының тұсында-ақ "нан және ермек" деген ұғым болған. Халыққа нан мен ермек болса, басқа дүниелерде шаруасы болмайды. Қазір техника ермек пен ойын-сауықты шыңға жеткізді. Абай адамзатта жалығу, іш пысу деген нәрсе бар екенін айтқан. Адамның ізденгіштігі де жалығудан туады. Бұрын адам жалыққаннан жақсы нәрселер ойлап табушы еді. Прогресс болушы еді. Қазір өсек-аяң мен жеңіл-желпі дүниелер. "Жастар осының артынан ілесіп кетіп барады" деген қорқынышым бар. "Біздің сұхбатымыз соларға керек пе екен?" деген сауал туады.

school-ethiopia.ru
school-ethiopia.ru

Express Qazaqstan: Парасатты жастар да аз емес. Ел болған соң, аласы да, құласы да болады емес пе?

Хасен Қожа-Ахмет: Ойсызға ойын көп. Рас, бес саусақ бірдей емес. Денсаулығыңыз сарп етіп, көз майыңызды тауысып жазып жатқан тарих кімге керек деп жатқандар да бар. Меніңше, дұрыс ой айтатын адамдар, қолына қалам ұстаған зиялы қауым болмаса, адамзаттың малмен айырмасы болмай қалады. Тәңір адамды жаратқанда руханият иесі етіп жаратты. Хайуанаттан бөлек рух берді. Зиялылар болмаса, тобырлық деңгейге түсіп кетеміз. Мұндай тобырды басқару билікке де жеңіл.

Express Qazaqstan: Тынымсыз еңбек етіп жатырсыз. Түркілер туралы бірнеше кітабыңыз жарық көрді. Тарихқа бет бұруыңызға не түрткі болды?

Хасен Қожа-Ахмет: Қазір түркілер тарихының үшінші кітабын аяқтап жатырмын. Академик Бартольд, Бернштам, Гумилев және басқалар біздің тарихымызды қате жазған. Сырттан жазған. Ең сорақасы, оның бәрі тапсырмамен жазылған. Мен секілді ешқандай қаламақысыз еңбектенген жоқ. Үкіметтің тапсырысын орындап, атақ-абырой алды.

alashainasy.kz
alashainasy.kz

Бұрын олай жазуға болмайтын. Жазғызбайтын да. Патшалық Ресейде өз еркіңмен жазсаң, аштан қататын едің. Кеңес одағы тұсында атып, айдап жіберетін. Қазір сенің не жазып жатқаныңа билік назар аудармайтын заман келді. Мұндай күн енді ғана туып тұр.

Express Qazaqstan: Сізді композитор ретінде де білеміз. Шығармашылықтан қол үзіп қалмадыңыз ба?

Хасен Қожа-Ахмет: Екі симфониям жатыр. Біреуі төрт, екіншісі үш бөлімнен тұрады. Қазір жұрт: "Бұл кімге керек?" деп күледі. Симфония дені сау адамға керек. "Құлаққа кіріп бойды алар, жақсы ән мен тәтті күй", — дейді Абай. Елірме әндерді емес, жақсы әндерді айтып тұр. Музыканың рөлі — адамға ой салу, мәдениетке тәрбиелеу. Соның өзін салдыр-гүлдірге айналдырып алдық. Кісі етін жейтін жабайылардың барабандары алға шықты. Тіпті, Әсеттің, Шәмшінің әндерінде де соған қосып қойған. Қазақта ойлы, философиялық әндер болған. Қазір қазақтың музыкасы да қалған жоқ. Музыкаға бай халық еді. Быт-шытын шығардық. Мұны айтпасақ болмайды. Онсыз ұлттық келбетіміз жоғалады. Әр мәдениеттің артынан еріп кете берсек, түбінде отанды қорғайтын адам да қалмайды.

Express Qazaqstan: Симфонияларыңызды тек жазып қойып, әзірге жария етпей отырсыз ба?

bilim-all.kz
bilim-all.kz

Хасен Қожа-Ахмет: Солай болып тұр. Желтоқсан көтерілісі деген увертюра жаздым. Оны оркестрге орындатуға ақшаны қайдан табамын? "Тәуелсіздік таңы" деген увертюра жаздым. Сонаталық формада. Мұндай шығарманы оркестрге қатысып, дирижер болып жүріп жазады. Мен сырттағы адаммын. Музыкадан бөлек, тарих, филология, фиософиямен айналысып жүрмін. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы, Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығы келе жатыр. Отыз жыл бұрын Ресеймен де, Қытаймен де тәуелсіздік үшін арпалысқан "Сыздық Кенесарыұлы" деген либретто жазып қойғанмын.

Express Qazaqstan: Неге жарық көрмей жатыр?

Хасен Қожа-Ахмет: Желтоқсанның да маңызын жоғалтып алдық. "Баспанасыздар" ұйымы. Үй, жер сұрап жүр дейді. Қазіргі ұрпақ, болашақ ұрпақ осындай әндерді тыңдаса, желтоқсанның маңызы көтерілер еді. Осы мәселені айтып, Мәдениет министрлігіне де, Ақордаға да хат жаздым. "Жазуға ешқандай тыйым жоқ. Жаза беріңіз" деген жауап келді. Мәдениет министрлігінде де, президенттің қасында да роботтар отырған секілді. Бірдей жауап келеді.

Халықтың патриоттық сезімін көтеру, азаматтарды отаншылдыққа тәрбиелеу жағы ақсап тұр.

Express Qazaqstan: Әңгімеңізге рахмет!

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров