LRT

LRT ақшасын жымқырғандардың біреуі Түркияда, екіншісі АҚШ-та алаңсыз жүр

Бек ТӨЛЕУОВ

Қанат Сұлтанбеков / Талғат Ардан

Еліміздің бас прокуроры Ғизат Нұрдәулетов Astana LRT компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Арданды Түркияда іздестіріліп жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды Express Qazaqstan.

Бұған дейін бір топ Мәжіліс депутаттары бас прокурордың атына сауал жолдаған. Депутаттар атынан Мақсат Раманқұлов LRT ісі бойынша шет елге қашып кеткен екі адамға іздеу салынғанына күдік келтірген болатын. Осы қылмыстық істің негізгі фигуранттары — қала әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен "Астана LRT" экс-басшысы Талғат Ардан халықаралық іздеуге берілген. Алайда тамыз айында кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында "Сұлтанбеков мен Ардан Интерполдың тізімінде жоқ" деген мәлімет тарады. Депутат сол кезде оны ешкім ресми түрде жоққа шығармағанын да айтты.

Олардың (Сұлтанбеков пен Ардан) отбасы мүшелері Нью-Йоркте бейқам әрі молшылықта өмір сүріп жатқанын көрсетіп, жиі жазба жариялап тұрған. Ал қылмыстық жауапкершіліке тартылған адамдарды ешкім іздеп жатқан жоқ,

— деген болатын Мақсат Раманқұлов.

Бүгін осы сауалға бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов ресми жауап берді. Оның айтуынша, Талғат Арданның Түркия Республикасы аумағында болу ықтималдығы туралы қолда бар ақпаратқа байланысты оны экстрадициялау туралы осы мемлекеттің құзырлы органдарына сұрау салу жіберілген (28.09.2019 жылы).

2021 жылғы сәуірде Түркия интерполынан ақпарат алынды. Оған сәйкес, Стамбұл қаласы Бакыркей ауданының қылмыстық соты Арданды (сырттай) қамау туралы қаулы шығарған. Қазір Түркия аумағында іздеудегі адамды анықтап, ұстау шаралары жүргізіліп жатыр,

— дейді Ғизат Нұрдәулетов.

Сонымен қатар Қазақстан АҚШ әділет министрлігіне Нұр-Сұлтан (Астана) қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбековті экстрадициялау туралы өтініш жолдаған. Сауал америкалық тараптың қарауында екен.

Тергеу барысында анықталған шығын көлемі — 5,8 миллиард теңге. Сонымен қатар ондағы Сұлтанбеков пен Арданның үлесін анықтау мүмкін болмаған. Оларға қатысты қылмыстық іс жеке өндіріске берілді.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров