"Ауылда интернет жоқ, қайдағы электронды құжат?". Нығматулин министрге ұрысты

Аян АМАНГЕЛДІҰЛЫ

©ЭК/Валерий КАЛИЕВ

Бүгін Мәжілісте Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев "Кәсіпкерлік қызмет саласындағы жаңа реттеу саясатын енгізу мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді" таныстырды. Оған сәйкес кәсіпкерлер енді өз есептерін тек электронды түрде тапсыруы қажет, деп хабарлайды Express Qazaqstan.

Заң жобасын талқылау барысында Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин кей ауылдарда интернет нашар екенін айтып, құжаттарды қағаз күйінде тапсыруды қалдыру керек екенін айтты.

"Біріншіден, барлық жерде интернет бірдей емес. Қазір ауылдарда, тіпті кейбір орталықтарда интернет сапасы нашар. Екіншіден, барлық кәсіпкер құжаттарды электронды түрде өткізуге дайын емес шығар. Мысалы бір ауылдағы дүкенді алайық, ол жерде бір-ақ адам жұмыс істейді. Яғни дүкеннің иесі де, сатушысы да, есепшісі де сол кісі. Ал егер оның планшеті, компьютері болмаса, онда ол цифрлы құжаттармен қалай жұмыс істеп, есеп тапсырады? Бұдан бөлек, мына ұсынылып отырған заң бойынша, бизнес иесі есепті уақытылы тапсырмаса, жауапкершілікке тартылады екен", — деді ол.

Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, қазіргі заңға сәйкес шағын бизнестің өкілі барлық есеп пен құжатты реттеуші мемлекеттік органға екі нұсқада, яғни қағаз және электронды түрде тапсыра алады. Сондықтан осы норманы қалдыру қажет.

Өзгерістерді 2023 жылғы 1 қаңтарда енгізбекшісіздер екен. Ал Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі ауылдар интернетке 2025 жылы қосылады дейді. Не істеп жатсыздар? Мына өзгерістер қабылданса, есеп тапсыру быт-шыт болады,

— деді Мәжіліс спикері.

Оның айтуынша, ауылдарда сапалы интернет пайда болып, ол жақтағы адамдар жаңа технологияларды меңгермейінше, бәрін цифрлы форматқа көшіруге болмайды. Осылайша заң жобасындағы аталмыш норма екінші оқылымға дейін қайта қаралып, реттеліп, түзетілетін болды.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров