Петропавл

Петропавлда "бомждар" "жасарып" барады

Арман ТОРҒАЙҰЛЫ

elements.envato.com

Жыл басынан бері қаланың әр жерінде үйсіз-күйсіз жүрген 200-ге жуық адам анықталған. Олардың басым көпшілігі 44 жасқа толмаған, деп хабарлайды Express Qazaqstan.

Бұл туралы өңірлік полиция департаменті мәлімдеді.

Қаңғыбастар көп паналайтын орындар — жылу трассалары, кәріз құдықтары, қоқыс маңы, шағын базарлар, вокзалдар. Петропавл қаласының полиция басқармасы сол жерлерде үйсіз-күйсіз адамдарды анықтау үшін күнделікті рейд жүргізіп жатыр.

Күн салқындап келеді, алда қыс. Үйсіз-күйсіз жандар үсіп қалмауы үшін және жазатайым оқиғаларға тап болмасын деп полицейлер оларды кездестірген бойда оңалту бөлімшесіне жеткізеді,

— деп мәлімдейді облыстық ПД баспасөз қызметі.

Әрқайсы хабар-ошарсыз кеткендер, қылмыс үшін іздестірілгендер және басқа да есептер бойынша тексеріледі. Жыл басынан бері қабылдау-бөлу орнының қызметкерлері бес іздестірілген адамды анықтады, олардың біреуі қылмыскер және төртеуі әртүрлі құқық бұзушылық жасағаны үшін күдікке іліккен.

Жыл басынан бері Петропавл қаласының полиция қызметкерлері тұрғылықты жері жоқ 192 адамды есепке алған.Оның 139-ы ер адам, қалғаны әйелдер,

— дейді ПД өкілі.

Петропавл қабылдау-бөлу орнының бастығы Адай Смайылдың айтуынша, жалпы жыл басынан бері 1 609 адам көшеден табылған. Бірақ соның ішінде барар жері жоқ 192 адам қабылдау-тарату орнына орналастырылды.

Айта кетерлігі, үйсіз далада түнеп жүргендердің көбі 30-44 жас аралығындағылар. Осы жастағы көше кезіп жүрген 80-нен аса адам тіркелген. 18-29 жас аралығындағы — 40 адам болса, қалғаны — 45 жастан асқандар,

— деді Адай Смайыл.

Үй-тұрағы жоқ жандар дала кезіп кетуінің себебін тұрмыстағы әртүрлі мәселелермен байланыстырады.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров