Тараз

Ақтаудағыдай жасанды гүлдер Таразда да пайда болды (видео)

Жанкелді ҚАРЖАН

Бейнеден кадр

Тараздың кіреберісінде орнатылған жасанды гүл алаңы көпшіліктің сынына қалды, деп хабарлайды Express Qazaqstan.

Қаланың кіреберісіндегі шағын гүл алаңы туралы тұрғындардың бірі бейнежазба жариялады. Онда көптің талқысына түскен жасанды гүлдер тек Ақтауда емес, Таразда да бар екенін айтып, "сүйінші" сұраған.

Пластик қызғалдақтарды жаны сүйетін әкім жалғыз емес сияқты. Тараз әкімі де жасанды қызғалдақтар "екті". Гүлдер әлі құламаса да, бастары жұлынып, қорқыныштылау болып тұр. Бұл — біздің Қазақстан,

— дейді бейнежазба авторы.

Дегенмен, бұған қатысты Тараз қаласы әкімдігі үн қатып отыр.

"Бүгін кейбір БАҚ пен әлеуметтік желілерде Тараз қаласын безендіруге қатысты сыни материалдар жарияланды. Осыған байланысты, гүлдерді кәсіпкерлер өз өнімдерін жарнамалау мақсатында демеушілік қаражат есебінен биыл қыркүйек айында орнатқанын хабарлаймыз. Осындай безендіру кейінірек Ақтау қаласында да пайда болғанын білесіздер", — деді Тараз қаласы әкімінің кеңесшісі Зарина Қуатова.

Оның сөзінше, жасанды гүлдер қалаға кіре берістегі шығыс қақпаның екі жағында, сондай-ақ "Баласағұн" ОКЗ алдында орнатылған.

"Безендірудің күтіміне жауапты "Жасыл-Ел Тараз" ЖШС мекемесі. Қазіргі уақытта орнатылған құрылымдардың бұзылу фактілері анықталған жоқ. Күн сайын жауапты ұйымның мамандары безендіру бұзылмай, бүтін тұруын тексереді,

— дейді Зарина Қуатова.

Express Qazaqstan осыған дейін Ақтау қаласында орнатылған "Гүлдер алаңы" туралы жазған болатын. "Қомақты қаражат бөлінді" деген жоба тұрғындардың сынына ұшырап, соңынан әкімінің орынбасары көпшілікке жауап берген еді.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров