Қостанай облысында тағы бір диқан жұмысшыларына үй салып берді


© Айжан Адырбаева
Жаңа баспаналар Қостанай ауданына қарасты Воскресеновка ауылында бой көтерді. Кәсіпкер Александр Павловский мереке күні жерлестеріне осындай тарту жасады, деп хабарлайды Express Qazaqstan.
Александр Павловский бұл ауылға Торғай жақтан 20 жыл бұрын көшіп келген. Әуелгі тұрғындары — немістер. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда олардың көбі тарихи отанына қоныс аударды. Содан бері ауылдың ажары қашып кеткен еді. Диқан осы мәселеге алаңдап, жаңа үйлер салуды көптен ойлап жүргенін айтады.
Биыл қаржының ретіне қарайлап, 3 баспана тұрғыздық. Бұған дейін бос тұрған әкімшілік ғимаратын 4 пәтерлі тұрғын үй қылған едік. Бұл жұмысты әлі жалғастырамыз,
Жаңа үйлерге қоныстанушылардың арасында тіс қаққан жұмысшылар да, жас мамандар да бар.
Мереке күні қуанышқа кенелгендердің бірі Рустам Ыбышев ауылда шаруа қожалығы құрылғаннан бері жұмыс істеп келеді. Мамандығы — слесарь. Осында жарымен танысып, отбасын құрған. Қазір үш баласы бар.


1999 жылы келгенмін. Енді осы ауылдан ешқайда кетпеймін. Айлығымыз жақсы, тұрақты беріліп жүр. Міне, үй сыйлады. Қуаныштымызда шек жоқ,
Воскресеновкада үйлерге су тартылмаған. Ал жаңа баспаналарда су ішке кіріп тұр. Жиһаздар қойылып, кір машинасы орнатылған. Үйдің сырты да абаттандырылды.
Жаңа жыл қарсаңында ауылда тағы қоныс тойы тойланбақ. Қаңырап қалған үйлер қалпына келтіріліп жатыр. Оған басқа жақтардан көшіп барған мамандар орналасуы тиіс.
Қоса кетейік, бұған дейін Ұзынкөл ауданында жұмысшыларына 7 үй салып берген диқан туралы жазған едік.
Бөлісу