Торғайда таралған мал ауруы туралы облыс әкімі білмейтін болып шықты

Арман ТОРҒАЙҰЛЫ

© ЭК

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Жангелдин ауданында таралған мал ауруы туралы естімегенін айтты. Ол аталған өңірдегі эпизоотиялық жағдайды тұрақты деп бағалады, деп хабарлайды Экспресс К.

© ЭК
© ЭК

Көкалат ауылында мал ауруы белең алып тұр. Алайда, жергілікті билік ол мәселені тұрғындарға айтқызбайтын көрінеді.

Алдымыздағы аздаған малымыз қырылып қалса немен күн көреміз? Кейбір шаруашылықтарда шығын да болды. Бірақ ешкім айтқысы келмейді. Айтқандарға қысым көрсетіліп жатыр екен. Жүздеген малы ауырып қалған қожалықтар бар,

— дейді атын атамауды өтінген ауыл тұрғыны.

Мұндағылардың мал ауруы қайдан шыққаны, қандай кесел жұққаны туралы болжамы әртүрлі. Шаруашылықтағылар стоматит пен құтырудың белгілерін байқаған. Аусыл болуы да ғажап емес. Ауру ауадан таралуы мүмкін дейтіндер де бар.

© ЭК
© ЭК

Малымызды не сойғызбайды, не сатқызбайды. Карантинге де жаппай отыр. Егер карантин жарияланса, ветеринарларға қосымша ақша төленіп, вакцинаның бәрі тегін салынады екен. Ауыл жұрты кейбір дәрілерді Қостанайдан таба алмай, астанадан алдыртып жатыр,

— дейді келесі бір тұрғын.

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде есеп берген облыс әкіміне Экспресс К тілшісі осы мәселе жөнінде сұрақ қойған еді.

"Көкалат ауылындағы жағдай жөнінде хабарым жоқ. Жангелдин ауданында көбісі малын көктемде өріске жіберіп, қараша, желтоқсан айларында ауылына қайтара алып келеді. Кейбір кісілер малының ауырғанын ветеринарларға жай жеткізеді. Сондай кідіру себептері бар. Жалпы, ауданда эпизоотиялық жағдай тұрақты. Бұл мәселе бойынша тексеру жүргізіп, сізге жазбаша жауап бере аламыз", — деді Архимед Мұхамбетов.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Торғай өңірінде белгісіз мал ауруы шыққанын жазғанбыз.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров