Ақтау

Ақтауда газ құю бекеті тұрғындар шағымынан соң орнынан алынбақ (видео)

Жанкелді ҚАРЖАН

Ақтаудағы 19-ықшамауданда екі тұрғын үйдің ауласында орналасқан газ құю бекеті жұрттың шағымынан кейін орнынан алынатын болды, деп хабарлайды Экспресс К.

Соңғы жылдары бой көтерген Ақтаудағы 19-ықшамауданда газ құю бекетінің маңынан екі үй салынған болатын. Он екі және жеті қабатты екі үйдің тұрғындары бір жылдан астам уақыттан бері аулада тұрған газ құю бекетін алып тастау туралы атқарушы органдарға үнемі шағым айтып жүр.

"Бұл жерден пәтерді еңбегімізге әрең дегенде ипотекамен алдық. 12 және 7 қабатты үйлердің алдындағы газ бекеті тұрғындар көшіп барғанша алынады деп айтылған еді. Алайда бұл бекет әлі де жұмыс істеп тұр. Осыны бейбіт жолмен шешіп берсе", дейді "Батыс" ТҮК тұрғыны Мақсат.

"Тұрғындар аулада тұрған газ бекетінің маңында балалар алаңы барын айтады. Алда-жалда оқыс оқиға болса, бұның өте қауіпті екені белгілі. Тұрғындардың бірі "Тезірек көшіру керек. Әлде міндетті түрде жарылыс болуы керек пе?" дегенді де бұрын алға тартқан.

Жағдай өзгермеген соң тұрғындар газ бекетінің жұмыс бағытын өзгерту туралы да ұсыныс білдірген. Дегенмен, биыл тұрғындардың бірі аталған бекет аумағында қызметкерлердің бірі ашық түрде от жағып, тамақ дайындағанына қатысты шағым түсірген еді. Қауіпті жерде от жағуға болмайтынын маңында үлкен үйлер тұрғанына қарамастан жұмысшылар ескермеген секілді.

Дегенмен, Ақтау қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөліміндегілер газ құю бекетінің иелері жұмысын тұрғындар шағымынан кейінгі ұзақ келіссөздер нәтижесінде басқа мақсатта жалғастыратынын мәлімдеді.

"Ақтау қаласының әкімдігі 19-ықшамаудандағы газ бекетінің мәселесіне қатысты иесімен бірнеше кездесу өткізіп, ғимараттың нысаналы мақсатын өзгерту бойынша келісімге келді. Биыл жер учаскесінің негізгі мақсаты "автожанармай құю станциясы нысанына қызмет көрсету және құрылысын салу" орнына "ғимарат, қонақ үй, мейрамхана, дүкен, дәріхана секілді коммерциялық нысандар салу үшін" болып өзгертілгенін хабарлаймыз", — деді аталған бөлімнің сектор меңгерушісі Ж.Жақыпов.

Дегенмен, газ бекетінің нақты қай күні қызмет бағытын ауыстыратыны белгісіз. Тұрғындар болса, "тезірек тілегіміз орындалса екен" деп отыр.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров