Дикий Арман

"Аямай сабады". Алматылық депутат "Дикий Арманның" қасында неге жүргенін айтты

Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

instagram/kudaibergen_kairat

Бизнесмен әрі Алматы қалалық мәслихатының депутаты Қайрат Құдайберген қылмыс әлемінде «Дикий Арман» деген лақап атымен танымал Арман Жұмагелдиевтің қасында не үшін жүргенін түсіндіріп берді. Оның айтуынша, кәсіпкер 6 қаңтар күні күндіз Арманмен тәуелсіздік алаңында кездескен.

Бизнесмен Арман Жұмагелдиевпен бірге алаңға жиналған халықты сабыр сақтауға, арандатуға берілмеуге шақырған, деп хабарлайды Экспресс К.

Қайрат Құдайбергеннің пікірінше, "Дикий Арман" өзін ер азаматқа тән қасиетімен көрсеткен. Бұл туралы депутат Instagram парақшасында жазды.

"6 қаңтар күні күндіз Арманмен бірінші рет тәуелсіздік алаңында кездестік және бірге тұрып адамдарды сабырлыққа, арандатуға берілмеуге шақырдық. Ол адамдарды тек бейбітшілік митингке, үкіметпен сөйлесуге шақырды. Бірақ арандатушылар пайда болып оны алаңнан басқа жағына алып кетті, мен тұрған орнымда қалдым. Қасыма елдің ішінде жүрген бірнеше жігіттер келіп: "Аға, мына жердегі провокаторлар сізді өлтіріп кетуі мүмкін, сізді көлігіңізге дейін шығарып салайық" деді. Оларға мың да бір рахмет!", — деп жазды Қайрат Құдайберген.

Кәсіпкер үйіне барып, киімін ауыстырып алаңға қайта шыққан. Бауырларына қоңырау шалып, 70-тен аса жігіттерді жинаған. Оларға тепсе темір үзетін 30-дай спортшы қосылыпты. Оны естіген Арман Жұмагелдиев жақсылықта басымыз бір болсын деп өзінің жүзден астам жігіттерімен келген екен. Алайда депутаттың мәліметінше, "Дикий Арманды" әлдекімдер аямай сабап тастапты. "200-ден астам батырмен митингте жүрген адамдардың беттерін бұру үшін қайта алаңға шықтық. Алаңда адамдарды сабырлыққа, мейірімділікке, бейбітшілікке шақырған кезде провокаторлар Арманға бөтелке, таяқ, тас лақтыра бастады. Мені таныған ел өзі басқа жаққа алып кетті, ал Арманды аямай сабады, біреу арттан келіп таспен басын жарды. Одан кейін Арманның жігіттері (оның арасында біздің де еріктілер бар) емханаларды қорғауға алды, тегін азық-түлік таратты, мародерлерді ұстады. Арманның қандай қылмыстар жасағанын мен білмеймін, бірақ бұл ситуацияда өзін ер жағынан көрсетті" делінген жазбада.

Қайрат Құдайбергенге көптеген адам хабарласып, қылмыс әлемінің серкесімен байланыспауын ескерткен де екен.

"Бұл жазбаны шығармай тұрып маған көп адам хабарласып, "Сен депутатсың ғой, ал Арман "криминальный авторитет". Сен оның ОПГ-сында (ұйымдасқан қылмыстық топ: ред) барсың деп өзіңді де жалаға қалдырады, онымен сөйлесе берме" деп маған ақыл айтқан. Бірақ қазағым "Жақсының жақсылығын айт, мейірі тасысын, жаманның жамандығын айт, құты қашсын" деп бекер айтпаған. Сол себептен көргенді ешбір қорықпай және саясатты қоспай ашық айтып отырмын! Намысты, жігерлі қазақтың батырлары көп болғай!" деп ойын түйді депутат Қайрат Құдайберген.

"Дикий Арман" мен депутаттың Алматыдағы қонақ үйде жоспар құрған сәтінің видеосы пайда болған еді.

Экспресс К бұған дейін "Дикий Арман" туралы бірнеше материал жазды.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров