Сенат

Қазақстанның Еуропа парламентіне деген сенімі азая түсті - сенатор

Экспресс К

Мұхтар Құл-Мұхаммед / senate.parlam

Парламент Сенаты халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед Еуропа парламенті Қазақстандағы жағдай бойынша қарарды асығыс қабылдағанын айтты.

Сенатор Еуропа парламентінің Қазақстан бойынша қабылдаған қарарына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Экспресс К.

"Демократия — өз құқығыңды айқайлап талап ету ғана емес, өзгенің де құқығын сыйлау. "Қаңтар оқиғасы"кезінде осы талап өрескел бұзылды. Бейбіт шеруге шыққан халықты қалқан еткен ішкі және сыртқы деструктивті күштер құқық қорғау органдары қызметкерлеріне оқ атып, соның салдарынан халықтың заңды құқықтарын қорғау күзетінде тұрған қаншама азамат қаза тапты", — дейді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Ол ауыр жарақат алып, мүгедек болған жандар, асыраушысынан айырылып, қара жамылған отбасылар қаншама екенін айтты. Сондай-ақ сенатор осындай бүкіл Қазақстан халқының қауіпсіздігі мен бостандығына, ел тәуелсіздігіне қауіп төнген жағдайда Конституция кепілі саналатын Президент бірден бір дұрыс шешім қабылдап, елге ұжымдық қауіпсіздік күштерін уақытша енгізгенніә алға тартты. Нәтижесінде зор қауіптің алды алып, арада небәрі бір апта уақыт өткенде бұл күштер түгелімен кері қайтарылды деп отыр.

"Қазір Қазақстанның құқық қорғау органдары "қаңтар оқиғасы" бойынша тергеу амалдарын жүргізіп, бұл қанды оқиғаны ұйымдастырушылар мен жазықтыларды анықтауда. Міне, осындай заңдық шаралар басталмай жатып, Еуропа парламенті асығыс шешімге жол беріп отыр. Өз басым Еуропарламенттің бұл резолюциясымен мүлдем келіспеймін", — дейді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Оның айтуынша, Қазақстан 2015 жылы Еуропа Парламентімен кеңейтілген әріптестік туралы келісімге қол қойған. Ол осы жолы Қазақстанға қаны қас кейбір саяси күштердің жетегінде кетіп, солардың ықпалындағы депутаттардың ұсыныстарымен атүсті, тіпті ұшқары шешімге барып отыр деп санайды.

"Еуропа парламенті сияқты беделді ұжым мұндай шешім қабылдау үшін Қазақстанға келуі тиіс еді. Сонда оқиғадан зардап шеккен, құқығы аяққа тапталған, біреудің әкесі, біреудің ұлы қаза тапқан отбасылармен кездесіп, ойрандалған қалаларды өз көзімен көруі керек еді. Олар осындай ең қарапайым адамгершілік, моральдық қағидаттарды аяққа басып, біржақты шешім қабылдаған", — дейді депутат.

Ол шешімді қабылдау кезінде сөйлеген депутаттар Қазақстанның ұстанымын қолдап, әділ пікір білдірді деп отыр.

Франциялық депутат Тьерри Мариани Қазақстанның үнемі бейбітшіл саясат ұстанатынын, ондағы ұлтаралық, дінаралық келісімге бағытталған саясаттың оң нәтиже беріп келе жатқанын тілге тиек етіп, ресми билік органдарының нақты ақпаратын күту керектігін орынды алға тартты.

Тіпті германиялық депутат Максимилиан Краның бейбіт шеруші деп жүргендердің мұздай қаруланған топ екенін, ал қарулы топқа қарсы қару қолдануға болатынын айтқан уәждерін сыртқы күштердің ықпалында кеткен кейбір әсіре қызыл депутаттар қаперіне алғысы келмеді.

Ал латвиялық депутат Татьяна Жданока Еуропа парламенті депутаттарының судья емес екендігі, сондықтан Қазақстан билігімен өзара сенім мен сыйластыққа негізделген диалог орнату керектігі жөніндегі пікірін әншейінде саяси диалог мәдениетін ұстану керектігін алға тартатын еуродепутаттар байқағысы келмеген сыңай танытты.

Жалпы резолюцияны талқылау барысында Қазақстанды, онда болған қасіретті оқиғаларды тоқтату жөніндегі ресми билік қабылдаған шешімдердің дұрыстығын қолдап сөйлегендер аз болған жоқ деп отыр.

"Болгариялық депутат Иво Христовтың бұл оқиғаға қатысушылар арасында діни экстремистер болуы мүмкіндігі мен одан төнген қауіп туралы пікірі Орталық Азияда қалыптасқан күрделі жағдайдан мол хабар берсе де, сыңаржақ ойлар жетегінде кеткен депутаттар резолюцияны қабылдап жіберді", — дейді Мұхтар Құлмұхамед.

Ол Еуропа парламентінің бірде-бір депутаты немесе депутаттық тобынан Қазақстан тарапына дәл бүгінгі күнге дейін "қаңтар оқиғасына" байланысты мағлұмат сұраған ешқандай өтініш келіп түспегенін жеткізді.

"Ақпараттық телекоммуникация дамыған заманда бұған сенудің өзі қиын. Әріптес болуы үшін екіжақты қимыл, өзара іс-әрекет, пікір алмасу болуы керек. Бұл мемлекеттер мен олардың мүдделерін жақындастырады. Қазақстан Еуропа Парламентімен кеңейтілген әріптестікке қол қойғанда осыны көздеген. Өкінішке қарай, олардың асығыс, атүсті қабылдаған шешімдері бұған мүлде кереғар болып шықты", — дейді сенатор.

Ол осы жағдай саясатын қашанда өзара сенім мен құрметке негізделген ынтымақтастыққа және адал әріптестікке құратын Қазақстанның Еуропа парламентіне деген сенімін азайта түсті деп санайды.

Бұған дейін Еуропа депутаттарының Қазақстан шенеуніктеріне жаза қолдануды сұрағанын жазғанбыз.

Ал кейін Сыртқы істер министрлігі Еуропарламенттің еліміздегі жағдайға қатысты қабылдаған қарары біржақты сипатқа ие екенін және объективті емес тұжырымдарға негізделгенін мәлімдеген

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров