Митинг кезінде тығылып жаттық деген полиция жұрттың ашуын тудырды (видео)

Бек ТӨЛЕУОВ

Видеодан кадр

Әлеуметтік желіде Қызылорда облысындағы полиция қызметкерлері мен көлік жүргізушісінің арасындағы кикілжіңнің бейнежазбасы жарияланды.

Перизат Болатқызы есімді әлеуметтік желі қолданушысы інісі жүрген көлікті Қызылордада полиция қызметкері сақтандыру куәлігінің мерзімі өтіп кеткені үшін тоқтатып, артынан мазақ еткенін айтып шағымданды, деп хабарлайды Экспресс К.

Оның айтуынша, көлікті сақтандыру құжатының мерзімі өткен. Сол үшін жол-патрульдік полициясы тоқтатқан.

Ол үшін заң бойынша жауапкершіліктен қашпаймыз. Мәселе, полиция қызметкерлерінің мазақ етуі, мысқылдағаны ашындырып тұр,

— деп жазды Перизат Болатқызы.

Оның айтуынша, полиция қызметкерлері тоқтатқаннан кейін ерегесіп қамаймын деп інісін қорқытқан.

Шынайы бет-перделері ашылды. Осы бейнежазбаны әлеуметтік желіге салатын болсаң, сенімен соттасамын деп қоқан-лоқы көрсетті,

— деп жазды желі қолданушысы.

Бейнежазбадан патрульдік көлікте отырған екі полиция қызметкерінің әрекетіне ашынып, өз базынасын айтып жатқан әйел адамдардың дауысын естуге болады.

Халықтың басына бұлт үйірілгенде, яғни " Қанды қаңтар" оқиғасы кезінде бұл полициялар екі күн тығылып жаттық дейді. Қасымдағы апам таңғалып; "сөйттің бе" деп сұраса, полиция қызметкері: "иә тығылып жаттым" деп мазақ етті,

— дейді желі қолданушысы.

Перизат Болатқызы осы жағдайға байланысты Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев пен Қызылорда қалалық полиция басқармасынан көмек сұрады.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров