Жоғалған бала

Жоғалған жігіттің денесі бомждардың моласынан табылды (видео)

Абай НҰРЖАНҰЛЫ

Қызылорданың тұрғыны Жұмакүл Естаева жоғалған баласы жайлы хабарды 40 күн өткен соң барып естіген. Естіген хабары қаралы. Полицейлер 34 жастағы азаматтың мәйіті көшеден табылғанын айтыпты.

Экспресс К тілшісі қайғыдан қара жамылып отырған жанұяға барып, мән-жайды сұрап білді.

Баласының қайтыс болғанын бір жарым айдан кейін ғана білген ананың етегі жасқа толған. Марқұм Берік Сағындықов құрылысшы болып жұмыс істеген. Соңғы рет оны жақындары 15 желтоқсанда көрген. Сол уақытта Берік ағасына жұмыс істеуге барамын деп кеткен. Алайда әп-әйдік азамат мүлдем хабарсыз қалғасын үйіндегілер үш күннен кейін іздеу сала бастапты. Әуелі Беріктің ізім-ғайым жоғалғаны жөнінде аймақтық тәртіп сақшыларына хабарлаған. Кейін қалалық полиция басқармасына да бірнеше рет барып, жағдайды айттық дейді марқұмның анасы. Алайда ондағылар арызын қабылдамай қойыпты.

Аймақтық полицей "егер Берік бір жағдайға ұшыраса, бірінші бізге хабар келеді" деп сендірген соң баламды уайымдамадым дейді қарт ана. Тек осыдан 3 күн бұрын ғана полицейлер Берік Сағындықовтың 18 желтоқсанда қайтыс болғанын айтқанда үстімізден жай түскендей болды дейді марқұмның анасы.

Иттің де іздеушісі бар ғой. Оның қалтасында жеке куәлігі болды. Сол арқылы тауып алмай ма бізді? Оны апарып бомждардың қасына көміп тастаған. Жаназасын да шығармаған. Кеше баламды екінші рет жерлеп отырмыз. Бұл не сұмдық?

— деп зар жылайды Жұмагүл Естаева.

Жақындарының айтуынша, қаралы хабарды жеткізген орган қызметкері марқұмның жақындарын іздемегенін өзі мойындапты. Ал жерлеу бюросы Берікті іздеушісі жоқ мәйіттердің қорымына жерлеген. Бейтті таяз қазғаны соншалық мәйітті ораған ақтық мата жер бетіне шығып жатты, дейді Беріктің анасы. Ал киімдерін марқұмның қасына тастай салыпты. Сондықтан 40 күн жаназасы шығарылмаған баласын қайта жерлеуге мәжбүр болған.

Сараптама қорытындысында балам жүрек талмасынан қайтыс болды депті. Бізге осынша уақыт бойы естіртпей келгендеріне қарағанда, оны біреу өлтіріп, жасыру үшін осылай істеген деп ойлаймыз,

—деп күмәнданады марқұмның анасы

Полиция басқарамасындағылар Беріктің денесін қала көшелерінің бірінен тапқанын мәлімдеді. Олардың айтуынша, мәйітте зорлық-зомбылық белгілері болмаған.

Хабарлама түскен соң Қызылорда ҚПБ жедел тергеу тобы оның Қызылорда қаласы Тасбөгет кенті Жанқожа батыр көшесінің тұрғыны екені анықтаған. Алайда, туыстарының табылмауына байланысты ер адамды жерлеу бюро қызметкерлері жерлеген,

—делінген қалалық полиция басқармасының хабарламасында.

Енді марқұмның жақындары Берік Сағындықовтың өліміне не себеп болғаны анықталып, қайғылы жағдайды шұғыл жеткізбеген жауаптылар жазаға тартылсын деп отыр.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров