Алматы

Тарихшы: "13-ші ғасырдың өзінде Алматы деп аталған"

Олжас НҰРЖАҚЫП

©ЭК/Андрей ХАЛИН

Алматы қаласының атауы қазір қоғамда қызу талқылануда. Бір бөлігі ескі "Алма-Ата" атауын қайтарайық дегенді алға тартып, арнайы петиция ұйымдастырып, қол жинауға көшсе, енді өзгелері "Алматы" атауын ауыстыруға қарсы.

Осыған байланысты Экспресс К Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері Рашид Ешенұлымен сұқбаттасты.

Экспресс К: Соңғы уақытта әлеуметтік желіде "Алматы" атауы дұрыс емес, дұрысы "Алма-Ата" деп ұрандатқан топ қол жинауда. Тарихшы маман ретінде пікіріңіз қандай?

©ЭК/Валерий КАЛИЕВ©ЭК/Валерий КАЛИЕВ
©ЭК/Валерий КАЛИЕВ

Рашид Оразов: "Алма-Ата" болсын деген пікірге мүлдем қарсымын. Біздің заманымызға дейінгі 7 ғасырдағы сақ дәуірінде Алматы сақтардың, кейіннен үйсіндердің тұрғылықты жері болған. Осы кезеңнен көптеген қорғандар мен қоныстар орындары қалған. Олардың арасында ерекшеленетін "сақ патшаларының" қорғандары. Солардың ішінде ең танымалдары — Есік қорғанынан табылған "Алтын адам", Жалаулы қазынасы, Қарғалы диадемасы, жетісулық "көркемдік қоласы" шамдары, құрбандық шалатын орын, қазан. Сақ және үйсін дәуірінде Алматы аумағы Қазақстан жерінде құрылған ертедегі мемлекеттердің орталығы болды. Алматының тарихы мен мәдениеті жөніндегі деректер ең алдымен қолжазбалар, сирек кездесетін шығыс және батыстық ескі баспалық кітаптар, архивтік және түрлі құжаттық деректерді айтуға болады.

1979 жылы Алматы қаласының қазіргі Достық даңғылы бойындағы Шекара училищесінің маңайынан алғашқыда екі дана тиын табылса, қазір әртүрлі номиналдағы олардың саны 50-ден асты. Ең қызығы, тиында "Алмату" деген жазбаның болуы. Осы тиындағы жазуды оқыған сол кезде шығыстанушы және нунизмат Владимир Настич еді. Ол араб тілінің мықты маманы болатын. Тиындағы "Алмату" деген жазудың арабшадан түркі тілінің заңдылығына сәйкес оқығанда, жалғаудың өзгеріске түсіп, "Алматы" болатынын да алғаш айтқан осы Настич болатын. Ғалымның айтуынша ХІІІ ғасырдың өзінде қала "Алматы" деп аталған.

Сонымен қатар кейінгі ортағасыр туралы мәлімет беретін "Сиюй тучжи" және "Сиюи шуй дау изи" атты екі географиялық шығарма ­ (XVIII ғ. жарияланған) қазақтар мен Орта Азия халықтарының тарихы бойынша Қытайдың құнды тарихи дереккөздері болып табылады. Осы тарихи деректерде "Гурбан Алмату" деген сөз моңғол тілінен аударғанда "Үш Алматы" деген мағынаны білдіреді. Бұл Алматы қаласының аумағындағы үш өзеннің бойында орналасқан ортағасырлық қалалардың орны.

Экспресс К: Қала атауы о бастан Алматы деп аталса, неліктен қазіргі бастамашыл топ ауыстыруға ұмтылып жүр?

Рашид Оразов: Қазақ тілінде сөйлейтіндер ешқашан Алма-Атаға барамыз деп айтпайды. Ол орысша ойлап, орысша жазатындардың бүйректен сирақ шығаруы. Өткен ғасырда жиырмасыншы жылдардың соңына қарай ел астанасын Қызылордадан Алматыға ауыстыру мәселесі көтерілген кезде де осы атауға қатысты түрлі көзқарастар болған. 1927 жылы белгілі орыс ғалымы, академик Василий Бартольдтың Алматы атауы мен Алматы сөзіне талдау жасап, оның шығу тегіне кеңірек тоқталып берген дерегі де бар. Ол зерттеуде "Алма-Ата" емес, Алматы деп жазылды. Алма сөзі мен ты жұрнағы айтылды.

Экспресс К: Сұқбатыңызға рақмет.

Экспресс К Алматының тарихымен қатар, сөздің мағынасына үңілу үшін Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтына хабарласты. Ғалым хатшы Садық Дидар осы мәселе жөнінде өз ойын айтты.

"Қала атауына келіп қосылған қазіргі "ты" формасында семантикалық ая бар ма деген сұраққа жауап беру өте қиын. Дегенмен ғалым Қойшыбаев, И. Жеменей пікірлерін қолдай отырып, мынандай екі гипотеза ұсынамыз. Біріншісі, қазақ халқы ертеден ат қойып, айдар тағуға, әрі әр мекен атауын жан-жануар, өсімдік, табиғаттың түрлі құбылыстарына балап, қазақи метафоралар шасап шығара білген шебер халық болғандықтан "Алмату" — тарихи коды "Алматау" алмаға ұқсас тау (мыссалы, Қаратау, Ақтау, Тастау, т.б) деп тұжырымдаймыз. Екіншісі көп тарихи-географиялық деректер тау етегінде жабайы алмалардың түрлі сорттары өскендігін әрі осы мекен алмаға бай өлкелердің бірі болғандығын дәлелдеп беріп отыр. Демек тау етегінде өскен алмалардың алуан түрлілігіне байланысты немесе алмадан үйілген шаҺар, тау дейтін метафоралық семаға сәйкес келеді деп ойлаймыз", — дейді Садық Дидар.

Айта кетейік, бұған дейін қала атауына қатысты Мемлекет басшысы да өз пікірін білдірдін. Әрі ресми атауы сақталатынына мән берді.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров