Жол

30 жылдан бері балшық кешіп жүрміз – тұрғындардың жанайқайы (видео)

Олжас НҰРЖАҚЫП

Видеодан кадр

Алматы облысы, Қаратал ауданы Үштебе қаласының тұрғындары 30 жылдан бері балшық көшенің мәселесін көтеріп келеді. Бірақ нәтиже жоқ.

Биыл тағы күн жылынысымен көшелер жылдағы кейпіне енді, деп хабарлайды Экспресс К.

Алматы облысындағы Үштөбе қаласы көшелерінің сыйқын Instagram-да Ushtobeqz парақшасы жариялады. Бейнежазбадан Қаптағаев көшесіндегі балшық пен көлшікті көресіз.

Кімге, қайда барарымызды білмейміз. 30 жылдан бері осы жағдай. Жауапты мекемеден әрекет жоқ. Бүгін тағы бір көлік балшыққа батып қалды. Біз көшелеріміздің дәл осындай сиқынан қатты шаршадық,

— деп жазылған видеода.

Қала тіршілігімен таныстырған әлеуметтік парақшада бірқатар көшенің хәлі осындай екенін байқайсыз.

Жалпы, мұндағы балшық көшелердің тағдыры 2021-ші жылдың көктемінде үлкен дауға ұласып еді. Ол кезде мезі болған жұрт әкімге тікелей кіріп, тезірек шешімін табуды сұраған. Бірақ бейәдеп сөзбен мінез көрсеткен қала басшысы қазанның қақпағын сол күйі жабулы қалдырды. Оның "батпақпен алысып қалдыңдар ғой, мен өз ісіммен айналысып отырмын" деген салғырт жауабы Нұр Отан партиясында қаралып, кейін әкімге сөгіс берілген.

Араға жыл салып ескі жараның беті тағы ашылды. Сол себепті Экспресс К мәселенің мәнін білмекке жергілікті әкімдікке хабарласты. Жауап мынадай:

Тұрғындар үйлеріне су өтпес үшін қоршауларын топырақпен биіктетіп алған. Салдарынан еріген қар суы ешқайда ақпай, тура көше ортасында көлшікке айналып отыр. Шағымнан кейін жиналған суды арнайы техникамен сорып алынды,

— дейді аудандық әкімдік өкілі.

Сонымен қатар, Қаратал ауданы әкімі баспасөз қызметі, ұзақ жылдан бері қордаланған мәселені шешу үшін көше жиегінен арық салуды да жүзеге асырмақ болғанын айтады. Бірақ мұндағы жұрт оған қарсы болған. Енді еріген қар суы қайта-қайта көлшікке айналмас үшін көше бұрышына құдық қазуды жоспарлап отыр. Бірақ әзірге нақты күні белгісіз.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров