Несие

4 пайыз несиемен алуға болатын көліктің 24 түрі белгілі болды

Экспресс К

Pxhere

Үкімет "ӨКМ операторы" компаниясынан қалған 100 миллиард теңгені жеңілдетілген автонесиелеуге жіберуге ниетті.

Экспресс К тілшісі осы бағдарлама бойынша көліктің қандай моделін сатып алуға болатынын анықтады.

Жалпы жеңілдетілген несие шарты келесідей: бастапқы жарна болмайды, жылдық пайыз 4% және несие уақыты — 7 жыл. Адамдарға берілетін қарыздың ең жоғарғы сомасы — 10 миллион теңге. Алайда одан қымбатырақ көлік алғыңыз келсе, артық ақшасын өз қалтаңыздан қосасыз.

Маңыздысы: бұл автонесиеге тек Қазақстанда құрастырылған көлік сатып алуға болады. Сонымен 10 миллион теңгеге алуға болатын 7 көлік маркасының 24 моделі келесідей:

Автонесиеге Lada брендінің мынандай модельдерін алуға болады: Granta (3,7 млн теңгеден бастап), Niva Legend (5,3 млн теңгеден бастап), Niva Legend 5D (5,7 млн теңгеден бастап), Largus (6 млн теңгеден бастап), Niva Travel (6,6 млн теңгеден бастап), Vesta (5,8 млн теңгеден бастап) және XRAY (6,3 млн теңгеден бастап).

Chevrolet маркасынан: Spark хэтчбегі (5 млн теңгеден бастап), Cobalt және Nexia седандары (5,7 және 5,4 млн теңге), сондай-ақ Tracker кроссовері (9,4 млн теңгеден бастап).

Жеңілдетілген автонесиеге танымал Kia мен Hyundai маркаларын да сатып алуға болады. Біріншісінен, Picanto хэтчбегі (7 млн теңгеден бастап) мен Rio седаны (7,3 млн теңгеден бастап). Екіншісінен, Accent (6,7 млн теңгеден бастап) пен Elantra седандары (8,4 млн теңгеден бастап), сондай-ақ Creta кроссовері (9,1 млн теңгеден бастап).

Қытайлық JAC көліктерінен: J7 лифтбегі (8,4 млн теңгеден бастап), сондай-ақ S3 (7 млн теңгеден бастап) пен S5 кроссоверлері (8 млн теңгеден бастап).

Renault көліктерінің әзірге 3 моделі бар: Arcana (8,3 млн теңгеден бастап), Duster (7,4 млн теңгеден бастап) және Kaptur ықшам кроссоверлері (7,9 млн теңгеден бастап).

Бұдан бөлек жол талғамайтын көліктердің арасынан УАЗ Hunter (7,3 млн теңгеден бастап) мен Patriot (8,4 млн теңгеден бастап) сатып алуға болады.

Біз бұған дейін автонесие бойынша құны 10 миллион теңгеден қымбат көлікті қалай алуға болатынын да жазған едік.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров