Қазхром компаниясы

Кран машинисі Сұлушаш

Арайлым ҒАНИ

© Алексей ПИМЕНОВ

ERG құрамындағы "Қазхром" ТҰК" АҚ филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинатында 100-ге жуық кран машинисі еңбек етеді. Бұл мамандықтың иелері – әйелдер қауымы. Солардың бірі – Сұлушаш Баяндина. Оған өндірісте еңбек еткен ұнайды. Ол биіктен еш қорықпайды.

Хромтаулықтарға Баяндиндер әулеті жақсы таныс, деп хабарлайды Экспресс К.

Бұл әулеттің ұлдары шахтада кенші болса, қыздары фабрикада қызмет еткен. Сұлушаш Ғалымжанқызының анасы да Дөң тау-кен байыту комбинаты №1 ұсатып-байыту фабрикасының конвейер машинисі болған. Осы жерден зейнетке шықты.

Фабрикаға алғаш келгенімде 35 метр биікке көтерілдім. Бірінші рет көпірлі кран кабинасына міндім. Алғашында қорыққаным рас. Алайда сол күнгі ауысым менің өндіріске деген қызығушылығымды арттыра түсті,

— дейді кейіпкеріміз.

Сұлушаш алғаш жұмысқа кірген кезде Александр Комаров есімді жүк ілушісі өзінің тәжірибесімен бөліскен.

Жүк көтергішке кранмен жүкті тиеу оңай жұмыс емес. Дәлдікті, мұқияттылықты талап етеді. Сұлушаштың кен байыту учаскесінде ысылып, он жыл бойы көпірлі кранды тізгіндеп келгені кәсіпті сүйіп атқарғандықтан. Одан кейін тоғыз жыл бойы грейферлі кранды жүргізді. Кранның бұл екі түрінің айырмашылығы мынада: Көпірлі кранда жоғарыда отырып, төмендегі жүкті тиеп, ол жүктің қалай кететінін, жүкті жылжытқан кезде цехтағы адамдар қайда болатынын бақылайсың. Ал грейферлі кранмен оқшау станцияда кен өнімін вагонға тиейсің. Бірақ оның да өзіне тән жауапкершілігі бар. Сұлушаш Баяндина қазір темір жол цехының аймағында орналасқан станцияда құрал-сайман шабаданына ұқсас пультпен сырттағы кранды басқарып отырады.

"Біздің жұмысымыз темір жол цехының таразышыларымен байланысты. Яғни мен №1 ұсатып-байыту фабрикасынан жеткізілген хром кенін грейферлі кранмен вагондарға тиеп отырамын. Ал олар ар жақтан нақты өлшемін маған рациямен хабарлайді. Бастысы, өнімді вагонға тиегенде артық не кем етпей, дұрыс мөлшерде салып отырсам, жұмысым тоқтаусыз жүреді", — дейді тәжірибелі кран машинисі.

Міне, кеншілердің өндірген кендерін әрі қарай зауыттарға жеткізу ісі Сұлушаштың нәзік қолынан өтеді.

Сұлушаш Ғалымжанқызының айтуынша, адам өз ортасын тапса, өмір бойы сол қызметтің рахатын көреді. Күнде таңмен жұмысқа асығу, әріптестеріңмен бір үйдің баласындай араласу — бақыт.

Жұмыстан қолы қалт етсе, балаларының сүйікті асын дайындап, жанұясымен уақыт өткізеді. Айтқандай, Сұлушаштың үлкен ұлы да комбинатта қызмет етеді.

Өз ісін жақсы білетін, тәлімгерлері мен әріптестерінен үйренген ісін ұршықша үйретіп жүрген өндірістегі келіншек өзі де жастарға тәлімгерлік етіп жүр. Бұл — Дөң тау-кен байыту комбинатындағы бір ғана нәзік жандының еңбек жолы. Сұлушаш секілді қыз-келіншектер — кәсіпорынның күші, жан шуағы.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров