Кәрім Мәсімов

Мәсімовтің адамдары қинап, Тәтішевті өлтірді деп мойындатты - Тоқмәди

Алмас АБЫЛАЙ

Мұратхан Тоқмади / Кәрім Мәсімов

Түрмеде отырған кәсіпкер Мұратхан Тоқмәди мәлімдеме жасады.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің адамдары қинап, адам өлтіргенін мәжбүрлеп мойындатқан, деп хабарлайды Экспресс К.

Қамауда отырған кәсіпкер БТА банкінің бұрынғы басшысы Ержан Тәтішевті өлтірдім деп мойындатуға ҰҚК бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов, Ішкі істер министрлігі және Бас прокуратураның адамдары мәжбүрледі деп отыр. Кәсіпкердің хатын ҚазТАГ агенттігі жариялады.

"Мен, Мұратхан Тоқмәди, ұстаның шәкіртінен бастап екі өнеркәсіптік шыны өңдеу зауытының иесіне дейінгі 40 жылдық тәжірибем бар. Спорттық, қоғамдық және еңбек жолында бірқатар ордендермен, медальдармен марапатталғанмын. Бірақ барлығы 2017 жылдың 12 шілдесінде өзгерді. Сол күні қорқыныштан шошып кеткен әйелім мен 10 жасар қызымның көзінше ұстап әкетті. Сөйтіп, барлық құқығынан айырылған саяси тұтқынға айналдым", — дейді ол хатында.

Ол өзіне және отбасына, туған-туыстарына, әріптестеріне, достарына қарсы "құқықтық вандализмді" Кәрім Мәсімовтің жетекшілігімен ҰҚК тергеу-жедел тобының (ТЖД) қазір қамауға алынған мүшелері жасады деп отыр.

Тоқмәди өз хатын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған.

Кәсіпкердің айтуынша, ҰҚК жедел тергеу тобын ҰҚК полковнигі Руслан Ысқақов басқарған.

"Отбасына қорқыту, ұрып-соғу, азаптау, моральдық-психологиялық қысым көрсету, 20-30 жыл бұрынғы маған қатысты қылмыстық істі бұрмалау, әйеліме қатысты үш қылмыстық іс қозғау, туысқанымды қамауға алу, кәсіпкерлік қызметімді бұғаттау, дүние-мүлкіме және отбасылық есеп-шоттарыма тыйым салу және басқа да көптеген әдістерді қолданып, олар мені процессуалдық өтініш пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға мәжбүрледі" , — дейді қамаудағы кәсіпкер.

Айта кетейік, "КазСтройСтекло" зауытының басшысы болған Мұратхан Тоқмәди 2017 жылы алдымен Алматыда арнайы операция кезінде "ірі көлемдегі мүлікті иелену мақсатымен бопсалады" деген күдікпен ұсталған. Тергеу кезінде ол кінәсін мойындау туралы келісімге келген. Сосын сот шешімімен кәсіпкер үш жылға сотталды. Арада 1 жыл өткенде ол БТА банктің басшысы болған Ержан Тәтішевті Қордай ауданындағы аңшылық кезінде атып өлтіргенін мойындайды.

Ал тапсырыс үшін Мұхтар Әбіләзовтан 4 миллион доллар алғанын айтқан болатын. Сөйтіп, Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен 10,5 жылға сотталды. Ол жазасын қауіпсіздігі жоғары колонияда өтеп жатыр.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров